Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оқушылар каникул кезінде жеке сабаққа қатыса алады

Оқушылар каникул кезінде жеке сабаққа қатыса алады

Елімізде мектеп оқушыларының білім алуына тең мүмкіндік жасау үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр? Депутаттардың осы сауалына Үкімет басшысы Асқар Мамин жауап берді, деп хабарлайды inform.kz тілшісі.
«Қашықтан оқытуға оңтайлы жағдай жасау мақсатында нормативті құжаттарға тиісті өзгерістер енгізіліп, өңірлердің бәріне шектеу шаралары кезінде оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік кеңестер легі жолданды. Қазіргі уақытта 679 мың оқушыға (компьютер мен интернетке қолжетімділігі жоқ 730,3 мың оқушының ішіндегі) компьютерлік техника берілді. 7013 мектеп (97,6%) жылдамдығы 4 Мбит/с және одан да жоғары интернетке қосылды. Компьютермен қамтамасыз ету жұмысында әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасылардың балаларына басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар осы санаттағы 300 мың бала қордың есебінен 6,3 млрд теңгеге киіммен, мектеп қажеттігімен қамтамасыз етілді», – деп жауап берді Асқар Мамин депутаттардың сауалына.
Премьер-министр қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін 8 қазақстандық интернет-платфома таңдап алынғанын хабарлайды. Аталмыш интернет алаңдар оқу процесінің қатысушыларына ой алмасуға, оқушы мен мұғалімнің арасында кері байланыс орнатуға, онлайн сабақтарды, видеосабақ өткізіп, сабақты жазып алуға мүмкіндік береді.
«Педагогтардың авторлық цифрлық білім ресурстарын пайдалану үшін (1 мыңға тарта) Білім және ғылым министрлігі Online.edu.kz платформасы мен «Өрлеу» білім арнасын әзірледі. Ұялы байланыс операторларымен бірге оқушылар мен мұғалімдерге арналған арнайы «Білім» тарифі іске қосылды. Қосымша оқу ресурсы ретінде сағат 09.00-ден кешкі 18.00-ге дейін «Балапан» және «Ел Арна» республикалық арналарында телевизиялық сабақтар жүргізіледі», – дейді Үкімет басшысы. Сонымен қатар Асқар Мамин қашықтан оқыту кезінде кемшіліктерге жол бермеу үшін Білім және ғылым министрлігі аймақ басшыларымен бірге оқушылардың оқу бағдарламасынан қалып қалу деңгейін анықтау және оны теңестіру, мониторинг, зерттеу, сауалнама арқылы проблемалық сұрақтарды зерттеу (12 мың оқушы мен 4 мың мұғалімнен, 12 мың ата-анадан сауалнама алынған), оқудан қалып бара жатқан оқушыларға дифференциалды кеңес беру бойынша жұмыс басталғанын жеткізді.
«Жүргізілген шаралардың нәтижесі бойынша ата-аналар мен оқушылардың талап-тілегімен каникул уақытында (қараша мен қаңтар айлары) қажетті кеңес пен жеке сабақтар өткізіледі», – деді Асқар Мамин.
12 қазан 2020 ж. 787 0