Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Несие алғандардың құқығы қандай?

Несие алғандардың құқығы қандай?

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасова Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында несие алған азаматтардың құқығын қорғау шараларын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Банктен қарыз және микрокредит алған азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында агенттік мынадай іс-шараларды іске асырды. Біріншіден, мерзімі өткен кредиттер бойынша берешектің өсуін шектеу үшін осы жылдың 1 қаңтардан бастап банктерге және микроқаржы ұйымдарына жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыздары және микрокредиттері бойынша төлеу мерзімі күнтізбелік 90 күн өткен соң тұрақсыздық айыбын және комиссиялар есептеуге заңнамалық түрде тыйым салынды», – деді агенттік төрайымы.
Оның айтуынша, екіншіден, қарыздар бойынша борыш жүктемесін шектеу үшін агенттік кірісі ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға, оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қарыздар, сондай-ақ ай сайынғы төлемдері қарыз алушының орташа айлық кірісінің 50 пайызынан асатын қарыздар беруге тыйым салуды енгізді. Үшіншіден, пруденциялық талаптар аясында банктерді кредиттік тәуекелдері жоғары тұтынушылық кепілсіз кредиттерді беруде шектеу үшін тұтынушылық кредиттер бойынша банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігіне нормативтер капиталды резервтеу нормативтерін 150-ден 300 пайызға дейін екі есе ұлғайту түрінде арттырылды.
«Қарыздар өтеу кезінде қиындыққа тап болған қарыз алушыларға қолдау көрсету және проблемалық берешекті реттеу тетіктерін жетілдіру мақсатында агенттік заңнамалық актілерге түзетулердің қосымша блогын әзірледі. Банктердің қарызды қайта құрылымдауға қарыз алушылардың өтініштерін қараудың міндетті рәсімін енгізу, борышкерлерді қайта құрылымдау және оңалту талаптарының тізбесін кеңейту, кепілді өткізген жағдайда ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша өтелмеген берешекті кешіру көзделеді. Бұдан басқа, капиталдандырылған мерзімі өткен сыйақы сомасына сыйақылар есептеуге, оның ішінде жаңа қарыз берген кезде есептеуге тыйым салуды енгізу қарастырылады», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Агенттік төрайымының атап өтуінше, түзетулер блогы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде қаралуда.
«Оны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасына енгізу жоспарланып отыр», – деді ол.
kyzylorda-news.kz​​​
02 қараша 2020 ж. 549 0