Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тұңғыш Президент және тәуелсіз Қазақстан: Тарих. Бүгін. Болашақ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

«Тұңғыш Президент және тәуелсіз Қазақстан: Тарих. Бүгін. Болашақ» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Қызылорда облысы әкімдігінің бастамасымен, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен Достық үйінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

«Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстан: Тарих. Бүгін. Болашақ» атты тағылымы мол шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысты. Сонымен қатар конференцияға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева онлайн қосылды.
Конференция модераторы, облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет қатысушыларды ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, конференция жұмысының маңыздылығын атап өтті.
«Тұңғыш Президентіміздің тарихи тұлғасымен бірге айтылып, ажырағысыз ұғым ретінде бекіген Тәуелсіздік, Ядросыз қарусыз әлем, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Елорда қатарын «Сыр-Алаштың анасы» максимасы толықтыра түседі. Бүгінде бұл сөз жерлестеріміздің мәртебесі мен һәм рухын көтеретін ұранға айналды.Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен сақтардың, оғыздар мен қыпшақтардың, Ұлық Ұлыс пен Ақ Орданың және Қазақ хандығының туы тігіліп, 1925 жылы Қазақ Республикасының астанасы ретінде ұлтымыздың тарихи атауын қайтарған Сыр өңіріне қолдауы ерекше», – деді Серік Ахмет.
Конференцияда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаева қатысып, Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын қалыптастырудағы жасампаз қызметін баяндап берді.
Облыстық мәслихат хатшысы, академик Қылышбай Бисенов «Тәуелсіздік. Елбасы және Сыр өңірі», Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев «Тұңғыш Президент күні – мемлекеттілікке құрмет күні», Ә. Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Елбасы тәжірибесі: экзистенциализмнен гуманистік үдеріске ұмтылыс» тақырыптарында баяндамалар жасап, тұщымды ойларымен бөлісті.
Конференцияны қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары тәуелсіздік жылдарында дамудың «Қазақстандық жолы» мен «Назарбаевтың этносаралық және конфессияаралық келісімінің моделі» қалыптасқанын атап өтті.
«Бұл – Елбасының батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігінің арқасында келген үлкен жеңіс. Сондықтан тарихи тұлғаның тағылымы ғасырлар бойы тарих таразысында жасай беретіні сөзсіз», – деді Серік Ахмет.
Конференция одан әрі, секциялық отырыстармен жалғасты. Бірінші секция «Елбасы және Қазақстан халқы Ассамблеясы: жасампаз 25 жыл», екінші секция «Тұңғыш Президент және Арал аймағы: экологиялық апаттан «Ғасыр жобасына», үшінші секция «Сыр Алаштың анасы: тарихи-мәдени сабақтастық» тақырыптарына арналды. Сондай-ақ «Елбасы және Сыр елі» тарихи-деректі көрмесі ұйымдастырылды.
Секциялық жұмыстардың нәтижесінде конференцияның қарары қабылданды.
kyzylorda-news.kz
27 қараша 2020 ж. 655 0