Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін Әбіш Кекілбаевтің туған күні

Бүгін Әбіш Кекілбаевтің туған күні

6 желтоқсан – Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтің туған күні. Тірі болғанда әдебиет алыбы 81 жасқа толар еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әбіш Кекілбаев 1939 жылы Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы), Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған.
1957 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі. Университетте әдебиет бірлестігін басқарып, жас талаптар шоғырын жарыққа шығарады. Соңғы курста оқып жүріп, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарады.
1962 - 1965 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінде бөлім меңгерушісі болып істеді. 1965-1968 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрлігінде, 1970-1975 жылдары «Қазақфильм» студиясында (бас редактор), 1975-1984 жылдары Қазақстан КП ОК мәдениет бөлімінде (нұсқаушы, сектор меңгерушісі) жұмыс істеді.
1984-1986 жылдары ҚазКСР Мәдениет министрінің орынбасары, 1986-1988 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 2-ші хатшысы, 1989-1990 жылдары ҚазКСР тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы Орталық кеңесінің төралқа төрағасы, 1990 жылы Қазақстан КП ОК бөлім меңгерушісі болды.
1991 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы, 1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1993-1995 жылдары ҚР Мемлекеттік кеңесшісі.
1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы, 1996-2002 жылдары ҚР Мемлекеттік хатшысы болып еңбек етті. 2002 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының депутаты.
Әбіш Кекілбайұлы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне екі рет, Мәжілісіне бір рет баламалы негізде депутат болып сайланады. Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақ» 1962 жылы, «Бір шөкім бұлт» 1965 жылы жарық көрді. Ауыл өмірінен жазылған повесть, әңгімелер жинағы «Дала балладалары» - Әбіш Кекілбайұлының кең тынысты эпик, суреткерлік болашағын танытады.
1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-93 жылдары Таңдамалы екі томдық, 1995 жылы «Заманмен сұхбат» 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» тарихи тақырыпты ғылыми дәйекпен, дерекпен түсінікті ұғымды етіп жеткізудің жаңа бағыт-бағдарын белгілеп берді. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көп жылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты. Әбіш Кекілбайұлының көптеген шығармалары ТМД халықтары мен шетел тілдеріне аударылған.
Шандоз» «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-Алаң», «Конец легенды», «Плеяды - созвездие надежды»,«Всполохи» романдары, «Бір шөкім бұлт», «Күй», «Бәйгеторы», «Шыңырау», «Бәсеке», «Ханша дария хикаясы», «Құс қанаты», «Бір шоқ жиде», «Шеткері үй» повестері жарық көрді. К.Гоццидің - «Туранбике ханшайым», А.П.Чеховтың - «Ваня ағай», Вальехо Антонио Буэроның - «Бүгін мейрам, бүгін той», Генрик Ибсеннің- «Үрей», Л.Дарконың - «Сүйіктім менің, Электра!», У.Шекспирдің - «Ромео мен Джульетта», У.Шекспирдің -«Кориолан», У.Шекспирдің - «Король Лир», М.Фриштің «Ғылым қуған Дон-Жуан» шығармаларын қазақ тіліне аударған.
Марапаттары: Қазақстанның Еңбек Ері, Отан ордені, Назарбаев ордені, ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл медалі, ҚР Парламентіне 10 жыл медалі, Астана қаласына 10 жыл медалі, Құрмет белгісі ордені, Достастық ордені, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Елбасының бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының иегері (1995 ж.), Қазақстанның халық жазушысы, Маңғыстау облысының құрметті азаматы.
Жазушы 2015 жылы 11 желтоқсанда қайтыс болды. 2019 жылы Алматыдағы Каблуков көшесі Әбіш Кекілбаев атымен қайта аталды. Ал биыл Ақтау қаласында Әбіш Кекілбаев музейі ашылды.
inform.kz

06 желтоқсан 2020 ж. 384 0