Талант Қазыбек: Тергеушінің тегеуріні мықты болуы керек
Қызылорда қалалық полиция басқармасында 30 тергеуші қызмет атқарады. Тергеуші мамандығы қашанда сауаттылық пен біліктілікті, төзімділік пен ыждаһаттылықты талап етеді. Бұл мамандықтың иелері қылмыскерлерді құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы оның ақ пен қарасын айырып, Қылмыстық кодекстің баптарына сүйене отырып, тергеу амалдарын жүргізеді, оны сотқа жолдайды.
Осы тұрғыда Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жыл басынан бері 96% қылмыстың түрін ашқан, полиция аға лейтенанты, тергеуші Талант Қазыбек туралы айтпақпыз. Жас та болса ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеуші жыл басынан бері жүздеген астам істі сотқа жөнелтіп, сондай-ақ, қылмыстық істі тергеген.
«Мен бала кезімнен полиция қызметкері болуды армандадым. Осы салаға келуіме елдегі заң бұзушылықты түп тамырымен жою туралы өзіндік іс-әрекетім әсер етті деп ойлаймын. Сондай-ақ, ішкі істер саласында еңбек ететін ер-азаматтарға еліктедім. Полиция формасын кию, халыққа қызмет ету, қылмыстық істерді анықтау — бұл менің басты арманым болды. 2018 жылы ҚР ІІМ Қарағанды академиясын аяқтап, сол жылы, Қызылорда қалалық Полиция басқармасына жұмысқа тергеуші лауазымына тағайындалдым. Алғаш осы қызметке келгенімде тәжірибелі тергеушілердің жанында жүріп, олардың тергеуді жүргізу әдістері мен тәсілдерін үйрене жүріп көп істер атқардым. Тергеуші сауатты және кез келген саладан хабары болу керектігін түсіндім. Себебі қылмыс әртүрлі салада, әртүрлі бағытта орын алады. Бұған қоса ой ұшқырлығы, сезімталдық, ыждағаттылық қасиеттер де қажет. Мұндай қасиеттер қылмыстық іске жүйелі талдау жасап, оның ақиқатына көз жеткізу үшін керек. Сондай-ақ кез келген адаммен тез тіл табыса білсең, ісің алға басады», дейді Талант Қазыбек.
Талант әртүрлі санаттағы қылмыстық істерді сотқа жолдайды. Жыл басынан бері Талант көптеген қылмыстық істі анықтап, кінәлілерді тапқан.
Яғни, атап өтер болсақ тергеуші мамыр айында 1974 жылы туылған қала тұрғыны өз үйінің ауласында ірі мөлшердегі, құрамында есірткі заты бар, өсіруге тыйым салынған сора өсімдігін өсіру мақсатында, жоғарыда аталған сора өсімдігінің тұқымын шашып, айғақты зат ретінде 33 сора өсімдіктері анықталып, жалпы салмағы 2389,98 грамм екені бекітілген.
Қаскүнем ірі мөлшердегі құрамында есірткі заты бар өсіруге тыйым салынған сораны заңсыз егіп, өсіргені үшін, ҚК-тің 300-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген. Сот үкімімен қылмыскер 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
kyzylorda-news.kz«Біздің басты міндетіміз — қылмыстық істерді тергей отырып, өзгелердің мұң-мұқтажына көңіл бөлу, қоғамда құқықбұзушылықты болдырмау. Осы орайда біз азаматтардан түскен арыз-шағымдар бойынша қолға алынған қылмыстарды ашып, анықтап, оларды сотқа жібереміз. Сот қылмыскерге әділ шешім шығарып, жәбірленушілердің құқығын қорғайды. Халыққа қызмет ету, ел игілігіне жұмыс жасау — біздің басты парызымыз», – дейді тергеуші.