Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұмыспен қамту саласы сервистік қызмет көрсету форматына көшті

Жұмыспен қамту саласы сервистік қызмет көрсету форматына көшті

Аудан аумағында «Сервистік әкімдік» қызметінің жүзеге асқанына аса көп уақыт бола қойған жоқ. 2018 жылдың аяғына таман іске қосылған ұшқыр жоба қазір мемлекеттік қызмет саласындағы тиімді бастама ретінде бағаланып отыр.
Нақтырақ тоқталар болсақ, Арал қаласында орналасқан мемлекеттік мекемелер ғимаратында бір терезе қағидатына сәйкес арнайы мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған сервистік әкімдік жүйелі жұмыс жасап келеді. Онда Арал қаласы әкімі аппараты, жер қатыстары бөлімі және мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері тұрғындар үшін қызмет көрсетуде. Өзін-өзіне қызмет көрсетуге арналған бұрышы ұйымдастырылған. Аталған бұрышта дербес компьютер интернетке қосылған, электрондық смарт карталарға арналған картридер және веб-камера қойылған. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қызметтерді алушылар үшін қажет жабдықтармен қамтылған. Жоба мемлекеттік қызметтің сапасын көтеруді, халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатын көздейді.
Дәл осы бағытта өз жұмысын бастаған тағы бір «Сервистік әкімдік» аудан әкімінің аппарат басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілінің ұсынысына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Атап өту қажет, Арал ауданы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-сі сервистік қызмет көрету мақсатында ағымдағы жылы күрделі жөндеуден өткізілген болатын.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап іске қосылған сервистік орталықта күту залы мен реттеу залы, өзіне өзі қызмет көрсету бұрыштары және электрондық кезектілік жүйесімен жасақталған.

Бүгін аудан әкімінің аппарат басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Н.Бохаев аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің ғимаратында «Open space» режимінде іске қосылған тағы бір «Сервистік әкімдіктің» жұмысымен танысты.

Өз сөзінде «Бүгінгі басты талап мемлекеттік органдардың жұмысының халыққа жақын болуы әрі жұмыс жасау принципінің ашық болуы. Осы орайда сервистік қызмет көрсету форматының тиімді тұстары зор. Сол себепті біз осындай сервистік орталықтарды ауданымыздан ашуға жұмыс жасап келеміз, -деп атап өткен аудан әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі жалпы «Сервистік әкімдік» жобасы мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға қолайлы жағдай жасауға арналғанын жеткізді.
Яғни, бұл жерде атқарушы билік өкілдерінің жергілікті тұрғындармен бетпе-бет отырып жұмыс жасауына еш кедергі жоқ. Оның үстіне шаруасы қауырт адам қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздеп сабылмай, қажетті қызметті бір ғимараттың ішінен тауып, ісін қиналмай-ақ бітіруіне қол жеткізілді.

Айта кетейік, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерт бойынша 2020 жылдың 11 айында барлығы 8551 қызмет көрсетілген. Оның ішінде: мемлекеттік орган арқылы 5 437 қызмет, электронды үкімет порталы арқылы 3 114 қызмет көрсетілді. Өткен жылдың 11 айымен электронды үкімет порталы арқылы көрсетілген қызмет тиісінше 13 пайызға ұлғайған. Бұл – «Сервистік әкімдік» жобасының тиімділігіне нақты дәлел.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
10 желтоқсан 2020 ж. 482 0