Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ» ПОРТАЛЫ АРҚЫЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

«ЭЛЕКТРОНДЫ ҮКІМЕТ» ПОРТАЛЫ АРҚЫЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Аудандық мәдениет үйі ғимаратында «Электронды үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алудың айқын артықшылықтары» атты тақырыпта аудан әкімдігі мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» аудандық бөлімімен бірлескен аудандық семинар болып өтті.
Аудан әкімі аппаратының басшысы Н. Бохаев төрағалық еткен семинарға аудандық дербес бөлімдер және қала, кент, ауылдық округтері әкімдері және аппараттарының қызметкерлері, дербес бөлімдердің, мектептердің, мәдениет саласы мекемелерінің және балабақшалардың басшылары, ветеринария саласының қызметкерлері, оқушылар, БАҚ құралдары қатыстырылды.
Семинар барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Н. Бохаев Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жаңа Жолдауында әлеуметтік дамудың барлық салаларына енетін экономиканың жалпы цифрландырылуы маңызды екенін, әрі қоғам болып осы аталған басты бағытта айқын жұмыстарды жүзеге асыруды тапсырып отырғандығын жеткізді. 
«Электронды үкімет» бұл - цифрлық дәуірдің бір көрінісі. Қазіргі кезде біз мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге сәйкес анықтаманың барлығын электронды жүйе арқылы алуымызға үлкен мүмкіндіктер туғаны бәрімізге мәлім.
Осы ретте, айта кету қажет, аудан әкімдігіне қарасты 8 дербес бөлім және қала, кент, ауылдық округ әкімі аппараттарында барлығы 98 мемлекеттік қызмет түрлері көрсетілсе, 621 қызметтің түрін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі.
Оның ішінде, мемлекеттік мекемелер арқылы электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер – 56, ал баламалы қағаз түрінде – 42 қызмет көрсетіледі. Өткен жылдың қорытындысымен ауданымызда барлығы 85746 мемлекеттік қызмет көрсетілген. 
Алайда, статистикалық мәліметтерге сүйенсек мемлекеттік орган арқылы баламалы қағаз жүзінде көрсетілген қызметтердің үлесі басымырақ орындалғандығы белгілі болды. 
Осы орайда мемлекет басшысының қойып отырған талаптарын орындау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында, e-gov «электронды үкімет» порталы арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді қалай алу қажеттігін түсіндіру мақсатында өткізілген семинардың маңыздылығы айқын.
Тарқатып айтқанда семинар барысында негізінен «Электронды үкімет» порталының артықшылықтары жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы Қызылорда облысы бойынша филиалы – «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті Арал аудандық бөлімінің басшысы Л.Ибраимова баяндап өткен болса, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» құжат қабылдау маманы Л.Сақтапова e-gov «Электронды үкімет» порталы арқылы онлайн қызметін пайдалану туралы түсініктеме беріп өтті. Одан әрі қатысушылар назарына e-gov «Электронды үкімет» порталы туралы бейнероликтің көрсетілімі ұсынылды.
Жиын соңында қатысушы тараптан сауалдар жолданып, тиісті жауаптар берілді.
Арал ауданы әкімінің facebook парақшасында. 
16 наурыз 2018 ж. 2 132 0