Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘДЕП НОРМАЛАРЫ ЖӨНІНДЕ КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ

ӘДЕП НОРМАЛАРЫ ЖӨНІНДЕ КЕЛЕЛІ КЕЗДЕСУ

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет. Мемлекеттік қызмет жолын таңдаған азамат әрбір ісіне аса зор жауапкершілікпен қарағаны жөн-ақ. Сәл нәрседен мүлт кетсе, ол оның абыройы мен атқарған жұмысына сын болары анық.
Осы орайда, аудан әкімдігінің мәжіліс залында Арал ауданы бойынша әдеп жөніндегі уәкіл Нұрмұхамет Бохаевтың қатысуымен арнайы кездесу болып өтті. Кездесуге аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім және мекеме басшылары, мамандар қатысты. Жиынға төрағалық еткен аудан әкімі аппаратының басшысы Н.Бохаев ең алдымен мемлекеттік қызметтің маңыздылығына тоқталып, қызметкерлерге артылар міндеттерді түсіндірді. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің қызметтегі әдебі туралы хабарлама жасап, мемлекеттік қызметтің беделін арттыру, мемлекеттік қызметшілерге деген халық сенімін нығайту мәселелері жайында жан-жақты әңгіме қозғады.
Арнайы әдеп талаптарының орындалуы жөнінде өткен жиын барысында персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы А.Әзбергенов «Әдеп Кодексіндегі»  қызметшілердің моральдық-этикалық келбетіне, мемлекеттік жұмыс тізгінін ұстағандардың тек қызмет барысындағы ғана емес, жұмыстан тыс уақыттарда өзін-өзі ұстау стандарттарын тілге тиек етсе, ақпараттық технологияларды дамыту және мемлекеттік қызметтерді мониторингілеу бөлімінің басшысы Е.Назаров  мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлім, қала, кент, ауылдық округ әкімі аппараттары арқылы көрсетілетін түрлері мен заңдылықтары жайын сөз етті. Мұнан өзге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа сатысы және ең алдымен, мемлекеттің және қоғам өмірінің түрлі салаларында осы қауіптің пайда болуы себеп-салдарының алдын алу бойынша мемлекеттік қызметшінің ұстанымдары мен жұмыс жүргізе білу қабілеті жайында мемлекеттік құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы А.Байзахов  ашып айтты.
Мемлекеттік қызметшілер бас қосқан отырыста одан әрі  қызметкерлердің көкейлерінде жүрген сұрақтарына сәйкес ситуациялық мысалдар келтіріліп, қолданыстағы заң нормаларына сай тиісті жауаптар ортаға салынды. Осы ретте, мемлекеттік қызметте көп жылдық тәжірибе жинақтаған бірқатар дербес бөлім басшылары өз ойларымен бөлісіп, жиынға қатысушылар әдеп қағидасын орындау мемлекеттік қызметшілердің басты міндеті екенін ұғынды. Оны үнемі қаперде ұстайтындарын да жеткізді.
Иә,  еліміздің ертеңі бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің  адамдық парасаты мен ар ождан және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет-халыққа қызмет» - деп Елбасы белгілеп берген  ұран аясында  елге деген адалдықтың ақ туын абыроймен ұстану баршамызға ортақ міндет екені хақ.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
21 ақпан 2018 ж. 1 993 0