Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БІРІҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТАЛДАНДЫ

БІРІҢҒАЙ ЖИНАҚТАУШЫ ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР ТАЛДАНДЫ

Арал қаласындағы З.Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйі ғимаратында біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қызылорда облыстық филиалы мамандарының қатысуымен жиын өтті. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов ашып, жүргізіп отырды. 
Күн тәртібінде зейнетақы жүйесіндегі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген өзгерістер мен салымшының жаңа мүмкіндіктері, хабарлаудың электорндық тәсілін дамыту мәселелері талқыланды. Арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында ауданға біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Қызылорда облыстық филиалы мамандары Кемалова Гүлжахан Алдашқызы, Тұяқбаева Гүлдана Ниетуллаева келіп қатысып, арнайы әзірленген бейнероликтер арқылы түсініктеме беріп өтті. 
Ең алдымен сөз алған Гүлдана Тұяқбаева жинақтаушы зейнетақы жүйесінде зейнетақы жарналарының міндетті, міндетті кәсіптік, ерікті зейнетақы жарналарына тоқталып, жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпарат алу тәсілдерін таныстырды. 
Соның ішінде, салымшылардың өз жинақтарын үйден шықпай-ақ ұялы қосымша арқылы бақылауға және қор туралы ақпарат алуға толықтай мүмкіндіктер қарастырылған.
Мұнан әрі жиынға қатысушы мамандар жинақталған қордағы ақшаны алу жолының шарттары мен әйел азаматтардың зейнеткерлікке шығу жасындағы өзгерістері жөнінде мәлімет берді. Жиын соңында, Қызылорда облыстық әлеуметтік сақтандыру қорының басшысы Гүлсім Денеева мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жайында қосымша ақпарат беріп өтті. 
Жиынға аудандық дербес бөлім, ауылдық округ әкімдігінің мамандары мен есепшілері, аудандық білім беру ұйымдарының басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Сая ЕРАЛИЕВА.
26 қаңтар 2018 ж. 1 864 0