Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаматтарға арналған үкімет қызмет көрсету сервисін жетілдіруде

Азаматтарға арналған үкімет қызмет көрсету сервисін жетілдіруде

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік қызметтерді көрсету саласына жаңашылдықтар енгізуде. Қызмет алушылардың ыңғайлылығы үшін мемлекеттік корпорация бизнес пен жеке тұлғаларға арналған бірнеше сервисті іске қосты.
Атап айтқанда, енді ХҚО менеджерінің заңды тұлғалардың кеңсесіне барып, мемлекеттік қызметтерді көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
Бұл жаңашылдықты пайдалану үшін мемлекеттік корпорация мен заңды тұлға арасында белгілі бір келісімшарт жасалуы тиіс. ХҚО маманы заңды тұлғалардың керекті анықтамалары мен қызмет етуіне қажетті құжаттар мен өтініштерді рәсімдеуге көмектеседі. Осылайша ірі бизнес өкілдері, екінші деңгейлі банктер, құрылыс компаниялары сияқты мекемелер халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, мемлекеттік қызметтерді ала алатын болады.
«Жеке менеджер – клиентке сапалы қызмет көрсетіп, тиімді ұсыныс жасайтын маман. Ол компанияның мемлекеттік қызметтерге кететін уақытын үнемдейді. Бұл ХҚО-дағы қызметкерлердің жүктемесін де азайтып, жеке тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету үрдісін ыңғайландырады. Біз әрдайым қызмет көрсету процесін жақсартуға тырысамыз», – дейді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.
Бүгінде мемлекеттік корпорация клиент қалауына бағдарланған іс-шараларды қарастырып жатыр. Осы ретте, жаңадан көлік сатып алған азаматтар ХҚО-ға бармай-ақ, көліктің техникалық паспорты мен мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін үйлеріне жеткізіп беру қызметін пайдалана алады. Ол үшін көлікті онлайн рәсімдегеннен кейін порталдағы «Көлік және коммуникациялар» бөлімінен тиісті қызметті таңдау қажет. Қызмет ақысы төленгеннен кейін, авто ХҚО курьері құжат пен тіркеу нөмірін бір күн ішінде жеткізіп береді.
Келесі жылдан бастап қазақстандықтар дәл осылайша үйлеріне жеке куәлік, баланың туу туралы куәлігі сияқты құжаттарды жеткізуге тапсырыс бере алатын болады. Бүгінде ол үшін арнайы сервистерді іске қосу жұмысы пысықталып жатыр.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының баспасөз қызметі
08 желтоқсан 2020 ж. 1 258 0