Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда 25 желтоқсаннан бастап шектеу шаралары күшейтіледі

Қазақстанда 25 желтоқсаннан бастап шектеу шаралары күшейтіледі

Қазақстанда 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін шектеу шаралары күшейтіледі. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (ВАК) селекторлық отырысын өткізді.

ҚР-да коронавирус инфекциясының таралуы бақыланатын деңгейде тұр. Коронавирус инфекциясымен жаңадан сырқаттанғандардың тәуліктік өсімі 0,4%-ды, репродуктивтік көрсеткіші 0,9-ды құрайды. Инфекциялық төсек орындарының толымдылығы – 28%, реанимациялық төсек орындарының толымдылығы – 20%. 5 өңір жоғары және орташа тәуекел аймақтарында орналасқан, атап айтсақ: Атырау, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстары.
Келесі жылғы қаңтар-ақпан айларында ЖРВИ мен тұмаудың өсуі аясында коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейінің арту қаупі бар.

Осыған байланысты ВАК бірқатар шешім қабылдады:
• 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады.

• Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін «Теңіз» кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі.

• Бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабылдау.

Cонымен қатар, білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, келесі шешімдер қабылданды:

• оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылсын;

• оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылсын;

• II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын. 

Үкімет басшысы әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.

Премьер-Министр әкімдердің назарын қоғамдық орындарды, мектептер мен балабақшаларды сапалы санитарлық өңдеу, сондай-ақ егу пункттерін вакцинациялауға дайындау қажеттігіне аударды.

Ішкі істер министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, мереке алдындағы және мереке күндері санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету тапсырылды.
massaget.kz
22 желтоқсан 2020 ж. 350 0