Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда карантин күшейтіледі

Қазақстанда карантин күшейтіледі

Қазақстанда 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін шектеу шаралары күшейтіледі. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия осындай шешімге келді, деп хабарлайды Үкіметтің ресми сайты.
Бүгін премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Келесі жылы қаңтар-ақпан айларында ЖРВИ мен тұмаудың өсуі аясында коронавирус инфекциясымен сырқаттану деңгейінің арту қаупі бар.
Осыған байланысты бірқатар шешім қабылданды. Олар:
  • 2020 жылғы 25 желтоқсаннан бастап 2021 жылғы 5 қаңтарға дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, оның ішінде жаңа жылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынады. 
  • Эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін «Теңіз» кен орнында шектеу шаралары күшейтіледі. 
  • Бөлшек сауда желісінде антиковидті дәрілік заттардың бағасын орта есеппен 24%-ға төмендету бойынша шаралар қабылдау.
Сонымен қатар білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында, Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы бойынша, сондай-ақ қоғамның пікірін ескере отырып, келесі шешімдер қабылданды: 
  • оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сыныптар үшін (9,11,12 сыныптар) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, аралас оқыту (пәндердің 70%-ын – дәстүрлі форматта, 30%-ын – қашықтан) қарастырылсын;
  • оқу жылының III тоқсанынан бастап мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылсын;
  • II семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталсын. 
Үкімет басшысы әкімдерге өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жағдайды тұрақтандыру мақсатында қажетті шектеу шараларын қабылдауды тапсырды.
kyzylorda-news.kz
20 желтоқсан 2020 ж. 472 0