Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналистер "Nur Otan" партиясының бағдарламасын қолдайды

Журналистер "Nur Otan" партиясының бағдарламасын қолдайды

Аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы, аудандық маслихатқа үміткер Абай Елешов жергілікті баспасөз саласының өкілдерімен кездесті. Онда, партияның сайлауалды бағдарламасы төңірегінде жан-жақты баяндап, ел ертеңін еңселі етуді басты бағдаршам еткен саяси құрылымның негізгі ұстанымын ортаға салды.
Атап айтқанда, кәсіпкерлікті қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауылшаруашылық көкжегін кеңейту, өңіріміздің гүлденуіне атсалысу сынды бастамалар жөнінде тоқталды. Қазіргі таңда халықтың сеніміне ие болған «Nur Otan» партиясы қашанда көптің көкейіндегі мәселелерге басымдық беріп келе жатқанын тілге тиек етіп, алдағы кезеңдерде де жұрттың жайын ойлап, көтерген бастамалардың орындалуына ұйтқы болатынын әңгімеге арқау етті.
Өз кезегінде, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ауандық "Қазақ тілі" қоғамының төрағасы Жұмабай Жақып пен аудандық тәуелсіз басылым, "Арал әлемі" газетінің редакторы, Қазақстан журналистер одағыны мүшесі Ерғали Абдуллаев «Nur Otan» партиясының алға қойған міндеттеріне сеніммен қарайтындарын айтты.
Бұдан бөлек, Аудандық «Толқын» газеті редакциясындағы қалам ұстаған жас буын өкілдері де, партия бағытын әрқашан назарда ұстап, толымды тірліктерін қалың оқырманға жеткізіп отыратындарын алға тартты. Жалпы, журналистер жүздесуінде елдің мүддесін тұшымды ойлап, қазақ елінің болашағы таразыланатын алдағы сайлауда "Nur Otan" партиясына дауыс беруге шақырды.

"NurOtan" партиясының Қызылорда облысы Арал ауданының сайлау қорының қаражатынан төленді

23 желтоқсан 2020 ж. 593 0