Сенаторлар әлеуметтік мәселелерді саралады

Мұнан соң мінбеге көтерілген Бекмырза Еламанов:
–Бақуатты қоғам. Бұл – елдің ертеңін еңселі ету жолындағы басты қадамдардың бірі болып табылады. Аты айтып тұрғандай, Мемлекет басшысы негізге алған 10 мақсат барша қазақстандықтарды кемел келешекке бастаудың бірден-бір жолы екені ақиқат. Біз тәуелсіздікті тұғырлы ету жолында қаншама белестерді артқа тастадық. Рас, бәрі жақсы деп айтуға әлі ерте. Мәселелер де бар. Алайда, соны шешудің жолдары ешқашан күн тәртібінен түскен емес, – деп әлеуметтің әлеуетін көтерудегі оң бастамаларға кеңінен тоқталды.
Бұдан кейін өз ойымен бөліскен Мұрат Бақтиярұлы заңдардағы бірқатар өзгерістерді көпшілік назарына ұсынып, Президенттің пәрменімен көпбалалы аналардың жәрдемақысын өсіру, мұғалімдердің жалақысын арттыру, ауылдардың көкжиегін кеңейту және басқа да жарқын істердің қолға алынатынын атап өтті. Яғни, ол еліміздің бас партиясында қаралған міндеттері мемлекеттің алдағы онжылдықтағы даму барысын айқындайтынына басымдық берді.
Қала тұрғыны Қазыбек Аяпов балаға төленетін жәрдемақы төңірегінде көкейтесті сауалын қойып, әрбір шаңырақтың жай-күйімен танысатын арнайы комиссия жасақталуы қажеттігін айтты. Ал зейнеткер Аманжол Жолмағамбетов те осы сауал төңірегінде тұрғындар тарапынан әлі де түсінбестік бар екенін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы Сенат депутаттарының аралдық сайлаушылармен жүздесуін жақсылықтың нышанына балап, алдағы уақытта халық қалаулыларының жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға, еліміздегі инфрақұрылымдарды жақсартуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге үлестерін қосатынына сенім білдірді.