Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада бір апта ішінде азық-түлік бағасы шарықтап кетті

Қызылордада бір апта ішінде азық-түлік бағасы шарықтап кетті

Биыл еліміздің кей өңірінде және Ресейде өршіген құс тұмауы бірқатар құс фермаларын үлкен шығынға ұшыратқан. Қызылордада бір аптада сұранысқа ие азық-түлік тауарлары 20-40 пайызға қымбаттады, деп хабарлайды "Хабар24" телеарнасы. 
Қызылордалық Жадыра Сейтжанова әлеуметтік азық-түлік сөрелерін жағалауға мәжбүр. Себебі басқа жерде азық-түлік қымбат. Базарда қанттың келісі 280 теңге болса, әлеуметтік азық-түлік сөрелерінен 218 теңгеге сатып алады. Сол сияқты әлеуметтік маңызды 10-нан аса өнімнің бағасы 10-15 пайыздай арзан сатылып жатыр екен.
"Әсіресе, осы 1 аптаның көлемінде жұмыртқаның бағасы көтеріліп кетті. 29-30 теңге еді, 45 теңгеден алған жерлер болды. "Біз де солай қымбат алып жатырмыз, үстіне кішкене қойып сатып жатырмыз" дегендей болды. Ал былай нақты түсіндірмейді", - дейді ол.
Биыл еліміздің кей өңірінде және Ресейде өршіген құс тұмауы бірқатар құс фермаларын үлкен шығынға ұшыратқан. Мамандардың сөзінше, жұмыртқаның 20 пайызға дейін қымбаттауының бірден бір себебі осы. Ал қарақұмық, қант және өсімдік майының құнына шикізат жетіспеушілігі әсер еткен.
"Күнбағыс майының қымбаттауы елімізде егіс алқаптарының қысқаруы және сырттан келетін күнбағыс шикізатының аз мөлшерде келуіне байланысты. Сондай-ақ күнбағыс майының қымбаттағаны басқа да елдерде, оның ішінде Ресейде де байқалады", - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ерхан Ағыбаев. 
Әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік түрі қымбаттап кетпеуі үшін өңірде бірқатар шара қолға алынған. Ол үшін бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. 
"Өнімдердің бағасын тұрақтандыру мақсатында, осы кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында биыл 4 желтоқсанда жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге қаржы бөлінген еді. Оның ішінде, I сортты ұнға, қант, өсімдік майы, қарақұмық жармасы, тауық жұмыртқасы, сиыр етіне, осы өнімдерге негізделген тікелей өнім өндірушіден әкеліп, өзінің сауда нүктелерінде, сөрелерінде белгіленген бағада қояды", - дейді облыстық тұрақтандыру қорының басқарма басшысы Лаура Жанасбаева. 
Қазір облыстың тұрақтандыру қорындағы 2500 тоннадай тауар 29 әлеуметтік дүкен мен 5 әлеуметтік бұрыш арқылы арзан бағада сатылып жатыр. Ал сауда нысанының иесінің сөзінше, күніне бірнеше қорап қана жұмыртқаны арзан бағада сатуға мүмкіндігі бар. Оның өзінде әр адамға шектеулі мөлшерде үлестіріледі: 10 дана жұмыртқа, 1 литр өсімдік майы. Сол себепті келесі жылы облыс орталығы мен аудандардан тағы 36 әлеуметтік дүкен ашу жоспарланған.



23 желтоқсан 2020 ж. 508 0