Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаға ат қоюдың маңызы

Балаға ат қоюдың маңызы

Балаға ат қоюдың қаншалықты маңызды екеніне мəн бермейтіндер көп. Сол себепті де, əдемі естілетініне қызығып, көбінесе балаға мағынасыз аттарды қоя салады. Ал сол есімнің баланың тағдырына тікелей әсер етуі мүмкін екенін бірі білсе, бірі білмес. Біздің тақырыпқа арқау етеріміз де осы жайында болмақ.Бір қызығы, сəбидің қай мезгілде, қай айда дүниеге келгендігі де оның мінезінің қалыптасуына ықпал ететін көрінеді. Деректерге сүйенсек, қыста ынталы, талапты балалар дүниеге келеді. Кілең жуан дыбыстардан тұратын қатқыл есімнің қойылуы олардың осы қасиетін одан əрі ұштап, дамыта түседі. Желтоқсанда туған балалар тік мінезді, өте өктем, ал қаңтар мен ақпанда туған балалар байсалдырақ болады.– «Қыста туған сəбилер есейгенде өздерінің қырсықтығының кесірінен ешкіммен сыйыса алмай қиналады. Олар əрдайым елдің алдында болғысы келеді. Егер сіз оның табиғат берген қатал мінезін жұмсартқыңыз келсе, жұмсақ есім таңдаңыз» дейді көріпкел З.Сыпатаев.
Көктемде туған балалар тез ренжігіш, сезімтал, əсершіл. Олардың көбісі тумысынан дарынды, бірақ өздеріне сенімді емес. Осы жасқаншақ, жігерсіз мінезі олардың көшбасшы болуына кедергі. Сондықтан қайраттандыру үшін оларға қатқыл есім таңдаған жөн.
Жазда туған балаларға, негізінен белсенділік пен тəкаппарлық, батылдық тəн. Күзде туған балалар өте əмбебап, алғыр жəне сабырлы. Не істесе де, көп ойланып-толғанады. Бірақ мінездері жеңілтектеу. Оларға ат таңдау соншалықты қиын емес, себебі күзгі балалардың табиғатына ештеңе əсер етпейді.
Жалпы, балаға ат қоюда есімдер құпиясын ескермеуге болмайды. Біріншіден, есім қалай дыбысталады, соған мəн берген жөн. Ары қарай, мағынасына көңіл бөлу керек. Мəселен, қыз балаға сұлулық, парасаттылық, ақылдылық қасиеттерін қамтитын есімдер лайық. Ал балаңыз ұл болса жəне сіз оның болашақта қажырлы да қайратты, дəулетті жəне ер мінезді азамат болып өскенін қаласаңыз, есімін де соған орайластырып қойғаныңыз абзал. Ең бастысы, өз балаңыздың қандай болғанын қалайсыз? Есімін де соған қарай таңдаңыз. Ат қою – өте жауапты іс. Сонымен қатар əрбір ата-ана өз баласының бақытты, табысты болуына жəне үйлесімді өмір сүруіне ықпал ете алады.
Қазақстанда 2020 жылы балаға ең көп қойылып жатқан есімдер белгілі болды. Əділет министрлігінің АХАТ бөлімі 2019-2020 жылдары Қазақстанда ең көп қойылған есімдердің тізімін жариялады. «2019 жылы 4 268 балаға Əлихан есімі берілді. 3 270 балаға Айсұлтан, 2 528 балаға Нұрислам есімі қойылды. Бұл есімдер 2020 жылы да көш бастап тұр. Жыл басынан бері 1 204 Əлихан, 841 Айсұлтан жəне 765 Нұрислам дүниеге келді», – делінген хабарламада.
Ал қыздардың есімінде өзгерістер бар. 2019 жылы бірінші орында Райана (Раяна) есімі тұрды. 5 601 ата-ана қызына Раяна есімін берді. Екінші орында Медина (5 320 қыз), үшінші орында Айзере (4 510 қыз) есімі тұрды. «2020 жылы Медина есімі көш бастады. Екінші орында Асылым (Асыл) тұр. 1 183 жаңа туған нəрестеге осы есім берілді. Өткен жылдың көшбасшысы болған Раяна есімі бұл жылы да үштікке кірді. Жыл басталғалы 1 172 нəрестеге Раяна есімі берілді»,– дейді АХАТ бөлімі.
2020 жылы ер балаға жиі қойылған есімдер: Əлихан, Айсұлтан, Нұрислам, Əмір, Алдияр, Əли, Əрсен, Омар, Санжар, Ерасыл, Ислам, Ибр ахим, Расұл, Мансұр. 2020 жылы қыз балаға жиі қойылған есімдер:  Медина, Асыл, Раяна, Айлин, Айзере, Айша, Айым, Аяла, Томирис, Айару, Кəусар, Сафия, Айкөркем, Адина.
Мадияр Меңдыбаев,
Арал қаласы
20 қаңтар 2021 ж. 1 403 0