Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вакциналау: Қызылорда облысының дайындығы қандай

Вакциналау: Қызылорда облысының дайындығы қандай

Қызылорда облысында коронавирус инфекциясына қарсы екпе егуге байланысты дайындық жұмыстары басталып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, өңірде қауіпті індетке қарсы вакциналауды ақпан айында бастау жоспарланған.
Қазір вакцинациялауға жататын топтар бойынша адамдар санын нақтылау жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ, вакцинаны сақтауға және тасымалдауға арналған құрал-жабдықтарды тексеруге мән берілген. Оған қоса егу пунктерін жарақтандыру бағытында қажетті іс-шаралар жүргізілуде.
«Телемедицина арқылы «Спутник V» вакцинасын егудің алғышарттары жайында мағлұматтар берілді. Бұл мақсатта медициналық ұйымдардың жауапты мамандары мен эпидемиологтар оқудан өтті. Мамандар қабылдау, тасымалдау, егу жұмыстарын ұйымдастыру алгоритмі, вакцинациялау көрсеткіштері мен қарсы көрсетілімдер тақырыбында біліктілігін арттырды. Вакцинациялау емдеу мекемелерінің екпе кабинетінде жүргізіледі. Бүгінде облыс бойынша 154 осындай орын белгіленді. Бұдан бөлек шалғай елді мекен тұрғындарына екпе салу үшін 64 жылжымалы егу бригадасы қарастырылған», - деп хабарлады Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
Бүгінгі күнге дейін Қызылорда облысы бойынша COVID-19 инфекциясының 3558 дерегі тіркелді. Барлық жағдайдың 55% ауру симптомдарымен, 45% клиникалық белгілерінсіз анықталған. Науқастардың 62% Қызылорда қаласының үлесінде, ол шамамен 2207 адамды құрайды. Ал аудандар бойынша Аралда -107, Қазалыда - 96, Қармакшыда -167, Жалағашт - 115, Сырдарияда -188, Шиеліде - 98, Жаңақорғанда -380 жағдай есепке алынған.
27 қаңтар 2021 ж. 494 0