Қазақстандықтардың кредиті мен қарызы кешіріле ме?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Қазақстан азаматтарының кредиттері мен қарыздары кешіріледі деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Оның айтуынша, Қазақстанда қарыздарды есептен шығару туралы мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді.
"Әлеуметтік желілерде Мемлекет басшысы Қазақстан азаматтарының кредиттері мен қарыздарын кешіру туралы жарлыққа қол қойғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Мен бұл жалған ақпарат екенін мәлімдеймін", - деді Уәли.
Ол 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен кепілдендірілмеген тұтынушылық несиелер бойынша қарызды өтеу түрінде әлеуметтік көмек көрсетілгенін еске салды. Сол кезде Тоқаев бұл акция бір реттік сипатта болғанын және болашақта қайталанбайтынын атап өткен еді.
"Қазақстандықтардан түрлі фейкке сенбеуді және тек ресми хабарламаларға сенуді сұраймыз", – деді Берік Уәли.