Вакцина салдырушылар көбейді
Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі мәліметі бойынша Қазақстанда 1 991 219 адам вакцина салдырды. Айта кететін жайт, 33 002 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 13 030 пациент стационарда, 19 972 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Ал 729 адамның жағдайы ауыр, 178 пациенттің жағдайы өте ауыр, 99 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Елордада 24 мамыр күнгі ақпарат бойынша 152 мыңнан аса адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның 1 компонентін алды.
Қала тұрғындары мен қонақтары қытайлық Sinofarm Hayat Vaх және ресейлік Спутник V вакцинасын қабылдай алады. Басқарма қоймаларында жоғарыда аталған вакциналардың дозалары жеткілікті екені хабарланды. Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, қаланың сауда-ойын-сауық орталықтарында және сауда орындарында екпе аймақтары ашылғаннан бері 22,7 мыңнан аса адам вакцина алған.
Естеріңізге сала кетейік, халықты вакциналаумен кеңінен қамту үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің тапсырмасы бойынша егу пункттерінің саны 36-дан 100-ге дейін ұлғайтылды. Бүгінде елордада Mega Silk Way, Keruen, «Хан Шатыр», «Абу-Даби Плаза», «Азия Парк» СОО-ларында, сондай-ақ «Сарыарқа», «Астаналық», «Әлем» сауда үйлерінде ашылды.
Вакциналау пункттерінің кеңеюіне байланысты БМСК ұйымдарының жұмыс уақыты қысқарып, 08.00-22.00 аралығына белгіленсе, СОО-лар үшін жұмыс тәртібі өзгеріссіз қалады. Яғни сағат 10.00-ден 22.00-ге дейін екпе салдыруға болады.
egemen.kz