Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын науқастарға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

Әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын науқастарға қандай медициналық көмек көрсетіледі?

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын азаматтардансұрақтар жиі түседі. Осыған байланысты Қор осы пациенттерге медициналық көмек көрсету тәртібі туралы толық түсініктеме дайындады.
Әлеуметтік мәні бар аурулар дегеніміз не?
Бұл аурулар қоғамда кең таралуына байланысты халықтың ең көп өлімі мен мүгедектігін тудыратын аурулардың қатарына жатады. Сондықтан денсаулық сақтау жүйесінде оларды диагностикалау мен емдеуге үлкен мән беріледі.
Қазақстанда әлеуметтік мәні бар аурулардың бекітілген тізбесіне   төмендегілер кірді:
- Туберкулез
- Адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауру)  
- Созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы
- Қатерлі  ісіктер
- Қант  диабеті
- Психикалық, мінез-құлық бұзылулары (аурулар)
- Балалардың церебралды сал ауруы
- Жедел миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай)
- Ревматизм
- Дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы
- Жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары
- Орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары
- Орфандық аурулар.
Әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын азаматтар үшін медициналық көмек нені қамтиды?
Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға көрсетілетін медициналық көмек диагностиканың, емдеудің, динамикалық байқаудың медициналық қызметтерін қамтиды.
Әлеуметтік мәні бар аурулармен ауратын науқастарға (яғни, оларға диагноз қойылған болса және олар өз емханасында әлеуметтік мәні бар ауру бойынша диспансерлік есепте тұрса) негізгі ауруы бойынша медициналық қызметтер ТМККК шеңберінде көрсетілетінін түсіну маңызды. Осылайша, жүргізілетін терапияны түзету немесе созылмалы аурудың өршуі кезінде медициналық қызметтер ТМККК шеңберінде ұсынылады, демек, МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді болады.
Алайда, диспансерлік есепке қою үшін диагностикалық процедуралар мен мамандардың консультациялары талап етіледі, ондай қызметтер МӘМС пакетіне енгізілген. Осыған орай әлеуметтік мәні бар ауруды анықтау үшін бастапқы диагностика, сондай-ақ басқа ауруларды, оның ішінде әлеуметтік мәні бар ауру расталған кезінде ілеспе ауруларды диагностикалау МӘМС жүйесінде жүргізіледі, яғни ол қызметтерді алу үшін сақтандыру мәртебесі қажет.
            Әлеуметтік мәні бар аурулар  қандай медициналық көмекке үміткер бола алады?  
Әлеуметтік мәні бар аурулардан зардап шегетін азаматтарға медициналық көмек мынадай нысандарда көрсетіледі:
амбулаториялық жағдайларда;
2) стационарлық жағдайларда;
3) стационарды алмастыратын жағдайларда.

Пациентке  әлеуметтік мәні бар аурулар   қалай қойылады?
Егер учаскелік дәрігер (ЖПД, терапевт немесе педиатр) пациентте әлеуметтік мәні бар аурулардың белгілерін байқаса, онда ол оны тиісті бейінді маманға (тар бейінді дәрігерге, психологқа) консультацияға жібереді. Бұл ретте тар бейінді мамандардың консультациялары МӘМС пакетіне жатады, сондықтан бұл қызметті алу үшін науқастың сақтандырылған мәртебесі қажет (диагностикасы ТМККК-де жүргізілетін және сақтандырылмаған науқастарға қолжетімді болатын туберкулезге және АИТВ инфекциясына күдіктенуді қоспағанда). Көрсетілімдер болған кезде дәрігер науқасты диагностикаға жібереді, олар басқа бейінді мамандардың консультациялары, инструментальдық және зертханалық зерттеулер болуы мүмкін.  Диагнозды растағаннан кейін учаскелік дәрігер пациентті диспансерлік есепке қояды және ол қажетті медициналық көмекті ала алады.
Емхана деңгейінде әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын азаматтар диагностика және амбулаториялық емдеу қызметтерін ала алады. Оларға үздіксіз диспансерлік бақылау жүргізіледі. Көрсетілімдер болған кезде маман пациентті тәулік бойы немесе күндізгі бақылау жүргізетін медициналық ұйымға жібере алады.
            Әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын науқастарға тегін дәрі-дәрмектер беріле ме?
Белгілі бір әлеуметтік мәні бар аурумен ауратыр пациенттер ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде амбулаториялық деңгейде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі, оның ішінде:
- туберкулез;
- АИТВ инфекциясы;
- бауыр циррозының сатысын қоса алғанда созылмалы С вирустық гепатиті;
- В вирустық гепатиті;
- қант диабеті;
- онкологиялық аурулар;
- жүректің ишемиялық ауруы;
- жүрек қақпақшасын протездеу;
- психикалық аурулар;
- церебралды сал ауруы;
- реактивті артрит;
- аутоиммунды аурулар мен иммун тапшылығы жағдайында;
- түйіндік полиартрит;
- Альцгеймер ауруы;
- Бехчет ауруы;
- Крон ауруы;
- мукополисахаридоз және басқа да орфандық аурулар бар жағдайларда.
Науқастар аурудың дәрежесі мен сатысына байланысты дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Тиісті препараттар туралы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығымен бекітілгенДәрілік заттармен және медициналық бұйымдардың тізбесінде толығырақ білуге болады.
 
Әлеуметтік мәні бар аурумен ауыратын науқастарға оңалтудан өтуге бола ма?
Әлеуметтік мәні бар аурулармен ауратын науқастар оңалтуға жататын аурулардың тізбесі бойынша жалпы негізде медициналық оңалтудан өте алады.
Оңалту немесе қалпына келтіру емі қызметтерін алу үшін науқас учаскелік дәрігерге жүгіну қажет. Ол оңалтудың қажеттілігі мен тиімділігін анықтау үшін реабилитолог немесе мультидисциплинарлық топ мамандарының консультациясына жібереді.
Медициналық оңалту МӘМС пакетіне кіреді, сондықтан оны өту үшін сақтандырылған мәртебесі болу керек.
 
Қолжетімділікті қамтамасыз ету
Өңірде медициналық көмекті ұйымдастыруға және медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер жауапты болады.  Бұл үшін олардың құрылымында Денсаулық сақтау басқармалары көзделген. Олар халықтың өңірдегі медициналық көмекті алуын, оны медициналық ұйымдардың толық және сапалы ұсынуын тікелей бақылайды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармалары өңір тұрғындарын әлеуметтік мәні бар аурулардың және аса қауіпті инфекциялардың таралуы туралы хабардар етуге міндетті.
Әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде медициналық-әлеуметтік көмек кешенді жан басына шаққандағы нормативке кіреді және пациенттерге емханада тіркелуі бойынша ұсынылады.
 
Егер сізге әлеуметтік маңызы бар ауру кезінде медициналық көмек көрсетуден бас тартылса, өз құқықтарын қорғау үшін емхана жанындағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуіңіз қажет.  Егер  ол жерде түсіністікке қол жеткізу мүмкін болмаса, онда әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына байланыс арналары арқылы жүгінуге болады: Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс орталығы, Telegram-дағы SaqtandyrýBot, fms.kz ресми сайты.
14 маусым 2021 ж. 732 0