Қазақстандықтарға Венгрияда тегін оқу мүмкіндігі берілді
Еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен Венгрияның адами ресурстар министрлігі осындай келісімге келді. Алдағы уақытта 200-ден астам қазақстандық Венгрияның жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алады, деп хабарлайды inbusiness.kz. Бұл туралы халықаралық бағдарламалар орталығы президентінің міндетін атқарушы Данияр Мұқитанов: «Біздің отандастарымыз «Stipendium Hungaricum» стипендиялық бағдарламасы бойынша оқиды. Бұл тізімді венгр тарапы үміткерлердің мамандық таңдауына деген ынтасына, олардың теориялық білімі мен оқудағы немесе таңдаған саласындағы жетістіктеріне сүйене отырып бекітті. Сондай-ақ әңгімелесу кезінде кандидаттардың жеке қасиеттері ескерілді», – деді.
Стипендиаттар Венгрияда бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша қабылдаушы тараптың есебінен оқиды. Бұдан бөлек 70-тен астам адамнан тұратын резервтік тізім жасалды. Барлық үміткерлердің тізімі халықаралық бағдарламалар орталығының ресми сайтына орналастырылды. Нақтылай кетейік, үкіметаралық келісім аясында 330 қазақстандық әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында, оның ішінде Венгрия, Польша, Қытай, Украина, Словакия, Әзірбайжан және Вьетнам университеттерінде тегін оқиды.
inbusiness.kz