Үкімет басшысы вакцинацияға қатысты әкімдерге тапсырма берді
Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Асқар Мамин алға тартты. Үкімет басшысы вакцинация қарқынын күшейтуді қолға алуды тапсырды. Әсіресе Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының әкімдеріне жағдайды бақылауға алуды ұсынды.
Елдегі эпидахуалды алға тартқан Премьер-министр жағдайдың біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын айтты.
Эпидемиологиялық жағдай өсімнің бәсеңдеу үрдісіне ие және біртіндеп тұрақтанып келеді. Вирустың таралу индексі 1,01-ді құрап отыр. Инфекциялық төсек-орындардың толуы 54%-ға тең және реанимациялық төсектер 45%-ға толы. Пандемиядан шығудың маңызды тәсілі вакцинация болып отыр. Қазіргі уақытта екпенің бірінші компонентін 5,9 млн адам алған. Бұл вакцина алуы тиіс халықтың 59%-ына тең. Ал екінші компонентпен 4,5 млн адам егілген. Яғни тиісті халықтың 45,2%-ын қамтыған, - деді Асқар Мамин.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіш әлі де болса жеткіліксіз.
Екпе салдыру қарқынын әлі күшейту керек. Әсіресе Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарының әкімдеріне жағдайды бақылауға алуды және биыл тамыз айында вакцинация жоспарын орындауды қамтамасыз етуді тапсырамын, - деді Премьер-министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен Қарағанды облысындағы эпидахуалды ерекше назарда ұстау қажеттігін айтты.
baq.kz