Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықты вакциналау қарқынын арттыру қажет – Асқар Мамин

Халықты вакциналау қарқынын арттыру қажет – Асқар Мамин

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz
Қазіргі ахуал және халықты вакциналау барысы туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, өңірлердегі ахуал туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов баяндады.

Қазіргі таңда ауру өсімінің тұрақтану үрдісі байқалады. Вирустың репродуктивті индексі аздап төмендеп, 0,98 құрады. Аурухана төсектерінің жүктелуі 42%, реанимациялық төсек орындардың жүктелуі 28% құрайды.

9 өңір «қызыл аймақта» тұр: Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Жамбыл облыстары. Өңірлерге 2,3 млн астам вакцина жеткізілді. 1,5 млн-ға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін және 350 мың адам екінші компонентін алды. Бұл вакциналауға жататын халықтың 15%-ы. Қоймаларда вакциналардың жеткілікті қоры бар.

«Вакциналаудың осы қарқынын төмендетпей, оны тек өсіру керек. Халықтың коронавирусқа қарсы вакцинаға қажеттілігін барынша қамтамасыз етіп, пандемия деңгейін төмендету үшін барлық шаралар іске асырылуда. Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек», деді А. Мамин.

Премьер-Министр вакцина алғандар санының артуына қарамастан, азаматтар белгіленген санитарлық нормаларды әрі қарай да қатаң сақтауы тиіс екенін атап өтті. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, көшпелі вакциналау пункттерін қолдануды кеңейте отырып, ауыл тұрғындарын барынша вакциналауды қамтамасыз етуді тапсырды.

«Мамырда екі миллионнан астам адамды вакцинамен қамтамасыз ету жоспары орындалуы тиіс. Әлеуметтік-экономикалық объектілердің жұмысын шектеудің жаңа критерийлерін, сондай-ақ вакцина алғандарға жеңілдіктерді енгізуді бақылау керек. Бұл, әсіресе, қызмет көрсету саласында бизнесті жандандыруға мүмкіндік береді», деді А.Мамин.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен, әкімдіктермен бірлесіп, вакциналау, Қазақстанда қолданылатын барлық вакциналардың қауіпсіздігі, оларды таңдау мүмкіндігі, сондай-ақ шектеу шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын арттыру тапсырылды.
04 мамыр 2021 ж. 423 0