Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мамин әкімдерге «қарапайым заттар экономикасын» жандандыруды тапсырды

Мамин әкімдерге «қарапайым заттар экономикасын» жандандыруды тапсырды

Асқар Мамин өңірлер әкімдеріне «қарапайым заттар экономикасы» жобалары бойынша бизнеспен жұмысты жандандыруды тапсырды,

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы Нрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қойылған халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін арттыру бойынша міндеттерін орындау және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел өңірлерінде жұмыс сапарлары кезінде экономиканы әртараптандыру бойынша берліген тапсырмаларын іске асыру аясында «қарапайым заттар экономикасын» дамыту мәселелері қаралды. Жеңілдікпен несиелендіруді жүзеге асыру бағдарламасын іске асыру бойынша Жобалық кеңсе жұмысы, «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын сатып алуда жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша шаралар туралы ҚР премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек, «Атамекен» ҚР ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов баяндады. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тыңдалды. 
«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, шағын және орта бизнесті дамыту, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелерін шешеміз. Мұның бәрі жалпы мемлекетіміздің экономикасына оң әсерін тигізеді», - деді Асқар Мамин. 
Жобалық кеңсе жұмысында «қарапайым заттар экономикасының» 1 трлн теңгеден астам сомаға 1500-ден астам жобасы бар.  
«Қарапайым заттар экономикасы» жобалары бойынша бизнестің жоғары белсенділігі Ақмола, Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда облыстарында байқалып отыр. Өз кезегінде, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдеріне халық тұтынатын тауарлар өндірісін ұлғайту бойынша жұмыстарды күшейту, оның ішінде шығарылатын өнім көлемі мен құнына баса назар аудару тапсырылды.  
ҚР Үкіметінің басшысы бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың ұсыныстарын ескере отырып, «қарапайым заттар экономикасы» жобаларын дамыту үшін жеңілдікті қаржыландыру шарттары өзгертілгенін айтты. Атап айтқанда, пайыздық мөлшерлемесі 6%-ға дейін төмендетілді, қарызды төлеудің жеңілдікті кезеңі енгізілді, шығарылатын өнімнің 45 жаңа түрі қосылды. Қабылданған шаралар біршама компанияларға жеңілдікті қаржыландыру мүмкіндігін береді. 
Осы жұмыстарды одан әрі белсендіру мақсатында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин ауыл шаруашылығы өнеркәсібі кешенінің жобаларының айналым қаражатын толықтыру үшін субсидияларды ұлғайтуға қаражат бөлу мәселесін қарастыруды тапсырды. 
Бұдан басқа, орталық және жергілікті атқарушы органдар, басқарушы холдингтерге «қарапайым заттар экономикасының» сатып алынатын отандық тауарлары мен қызметтерінде жергілікті қамту үлесін ұлғайту бойынша КРI-ға қол жеткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
«Қарапайым заттар экономикасын» дамыту бағдарламасы кәсіпкерлікті дамытудың және жұмыспен қамтамасыз етудің маңызды құралы. Жобалардың бәрі өңірлерде іске асырылады. Әкімдер бағдарламаны іске асыруға белсене атсалысып, жаңа жобаларды ұсынуы, тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек», - деп атап өтті Асқар Мамин.
09 шілде 2019 ж. 755 0