Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде зейнетақының орташа мөлшері қандай?

Елімізде зейнетақының орташа мөлшері қандай?

2021 жылдың қаңтар-шілде айларында республикалық бюджеттен базалық зейнетақы төлеуге 478, 9 млрд теңгеден астам қаржы, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне 1 083 млрд теңге бағытталды.

2021 жылдың шілде айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 222,2 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 68,1 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 154,1млрд теңге бөлінді.2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 238 мың адамды құрайды.
Зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (оның ішінде базалық зейнетақыны қосқанда) 2021 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 99 921 теңгені құрады.
Еске салайық, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әр алушыға оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, жеке тағайындалады.
Бұл ретте зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер қосылады.
Сонымен, егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ын, 30 жылда күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс деңгейінің 100%-ы мөлшерінде жоғары белгіленеді.
Егер бір ай ішінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына МЗЖ бірнеше рет жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды.
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.
Өз кезегінде, жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты болады.

baq.kz
12 тамыз 2021 ж. 456 0