Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қылмыскердің қолынан қаза тапқан Оспан Оразовтың атына көше берілді

Қылмыскердің қолынан қаза тапқан Оспан Оразовтың атына көше берілді

Қызылорда қаласындағы жаңа бой көтерген көшелердің біріне Сыр өңірінің тумасы, ішкі істер органдарының ардагері, милиция капитаны Оспан  Оразовтың есімі берілді.             
Қызылорда облыстық және қалалық маслихаттың ағымдағы жылдың наурыз айындағы бірлескен қаулысы мен шешімі бойынша қаладағы «Саяхат – 20» көшесіне  1972 жылы қызмет бабында қылмыскердің қолынан қаза тапқан милиция капитаны Оразов  Оспан Дүйсенбайұлының   есімі берілді.
Салтанатты ашылу рәсіміне  арналған  шараға  ардагердің ұрпақтары, ақсақалдар және Полиция департаментінің қызметкерлері мен ардагерлері қатысып,  Уразов  Оспан Дүйсенбайұлы туралы естеліктерімен бөлісті.   
Полиция капитаны Уразов Оспан 1934 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген.      
1952 жылы Қызылорда қаласындағы 1 май атындағы орта мектепті бітіріп, осы жылы Қызылорда облысы ішкі істер Басқармасының жолдауымен  Свердловск қаласындағы өрт сөндіру техникалық училищеге түсіп, 1955 жылы бітіріп келген. 
1955 жылдан  Қызылорда  облыстық ішкі істер басқармасының жолдауымен Қызылорда қаласының ішкі істер өрт сөндіру саласында қызмет атқарды. 1960 – 1965 жылдары аралығында Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасында қызмет атқарды.
1970 жылы Қызылорда қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институтты сырттай оқып бітірді. Облыстық ішкі істер басқармасының жолдауымен Қызылорда қаласындағы Спецкомендатурада  жұмыс істеп жүріп 1972 жылы 12 ақпанда қылмыскердің қолынан қаза тапты. Полиция капитаны Оразов Оспан жұмыс істеп жүрген жылдар аралығында үздік қызметі үшін облыстық, қалалық ішкі істер басқармасының марапаттарына ие болған.  
1972 жылы 2 маусым  күні  Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен қызмет бабында қаза тапқан полиция капитаны Оразов Оспан Дүйсенбайұлы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. 
Салтанатты шара барысында  Қызылорда облысы Полиция департаменті  бастығының  бірінші орынбасары  Амитов Шамшидин Егенбердіұлы сөз сөйлеп, ашылғалы отырған көше  атауы   ішкі  істер органдарының ардагері есімін иеленуі алдыңғы буын өкілдеріне деген құрметтің жарқын көрінісі екенін атап айтты.
Сондай – ақ,  ішкі істер органдарының ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қазбек Әшірбекұлы өзінің қызметтес ағасы Оразов Оспан Дүйсенбайұлына арнап жыр жолдарын оқыды. 

kyzylorda-news.kz
30 қыркүйек 2021 ж. 496 0