Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әкеге қарап ұл өсер

Әкеге қарап ұл өсер

Бүгінде аудандық ішкі істер бөлімінде полицей династиясын құрап отырған отбасылар баршылық десек, солардың арасында өз мамандығына адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында күнтүн демей еңбек етіп, қашан да темірдей тәртіпті берік ұстанған Әбішовтер отбасын айрықша айтуға болады.
«Әкеге қарап ұл өсер» демекші, біз әңгімелегелі отырған отбасы басшысы Жайлаубай Әбішов 1948 жылдың 7 қарашасында аудандағы іргелі балықшылар мекені – Райым ауылында дүниеге келіп, 1966 жылы Қамыстыбас орта мектебінен 10 жылдық білім алып шықты. Ұзамай Кеңес армиясы қатарына алынып, азаматтық борышын абыройлы өтеп елге оралды. Әскер қатарында темірдей тәртіпке бой алдырып, шыңдалып келген Жайлаубай ішкі істер саласында қызмет етуді алдына мақсат тұтты. 1970 жылдың 29 қаңтарында аудандық ішкі істер бөліміне қатардағы милиция қызметіне орналасып, алғашқы еңбек жолын бастады. Қоғамдық тәртіп сақшыларымен бірге талай ауыр күндерді, қиын сәттерді бастан өткізді. Сөйте жүріп, 1984 жылы Қызылорда совхоз техникумынан «зоотехник» мамандығын алып үлгерді. Өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын Жайлаубай Әбішовке аудандық ішкі істер бөлімі басшылығы зор сенім артып, жауапты қызметтер ұсынып отырды. 1990 жылдарға дейін уақытша ұстау камерасының бастығы, мұнан соң аймақтық учаскелік полицей қызметін мінсіз атқарып, абырой биігінен көрінді. Ішкі істер саласында 33 жыл мінсіз қызмет атқарған Ж.Әбішов лейтенант шенімен зейнетке шықты.
Ол осы жылдардағы қырағы қызметі үшін ҚР ІІМ-нің І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Милиция үздігі», «Полиция үздігі», «Үздік қызметі үшін» төсбелгілерімен, Қызылорда облыстық ішкі істер департаменті басқармасының және облыстық ардагерлер кеңесінің, аудандық ішкі істер бөлімінің бірнеше мәрте Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Ол сонымен бірге Республика ішкі істер саласының құрметті ардагері. Жұбайы Күлзипаш екеуі 6 бала, 15 немере тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Жұмыс десе жанын аямайтын Жайлаубай еңбек демалысына шықса да, қол қусырып қарап отырған жоқ. Аудандық ішкі істер саласының ардагерлері зор сенім артып, оны ардагерлер кеңесінің төрағасы етіп бірауыздан сайлады. Бұл жұмысты да ол жауапкершілікпен атқарып, әріптестерінің сенімінен шығып келеді. Ол өзінің осы саладағы ұзақ жылғы еңбек жолында қандай тәжірибе жинаса, оны өзінен кейінгі жас буынға үйретуден де жалыққан емес. «Тәрбие отбасынан басталады» десек, мұны Жайлаубайдың отбасынан да көруге болады.
Жайлаубайдың баласы Талғат Әбішов те әке жолын қуып, 2010 жылы Қызылордадағы «Болашақ» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Еңбек жолын Қызылорда облыстық мемлекеттік күзет басқармасының Арал қаласында орналасқан полиция взводының полицейі болып бастады. Мұнан кейін аудандық ішкі істер бөлімінің жол патрульді полицейі, сезіктілер мен қылмыс жасағандары үшін айыптаушыларды уақытша ұстау изоляторының кинолог-полицейі болса, бүгінде бөлімнің жедел криминалистика тобының аға криминалисі қызметін абыроймен атқаруда.
Бөлімде қызмет атқарған осы уақыт аралығында өзінің қызметтік міндеттері мен басшылар тарапынан берілген тапсырмаларды уақытылы орындап, өзін жақсы жағынан көрсетіп келеді. Өзі қызмет атқаратын саласындағы нормативтік құқықтардың талаптарын жете меңгеріп және оны күнделікті жұмыс барысында мінсіз қолдануда.
Полицей капитаны Талғат Әбішовтің қызметі де өз дәрежесінде лайықты бағалануда. Атап айтсақ, ол республикалық Ішкі істер министрлігінің І, ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Үздік қызметі үшін» және «Жедел криминалистикасына – 100 жыл» төсбелгілерінің облыстық, аудандық полиция басшылығының атынан берілген Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарының иегері.
Әке жолын қуған Талғат та, міне, осылай өз саласында абырой биігінен көрінуде. Отбасында зайыбы Айгүлмен екі бала тәрбиелеп отыр.
Бүгінгідей кәсіби мерекеміздің құрметіне полиция династиясын құрап отырған Әбішовтер жанұясына отбасылық бақыт, қызметте табыс, қоғамдық ортада үлкен абырой тілейміз.
Айгүл Жақсылықова,
аудандық полиция бөлімінің полиция капитаны
23 маусым 2020 ж. 722 0