Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәрігерден білігі кем емес...

Дәрігерден білігі кем емес...

Медицина қызметкерлерін адам жанының арашашысы деп білеміз. Бұл ақиқатқа ешкімнің дауы жоқ.Табан астынан ауыра қалсаң, ең алдымен, ақ халатты абзал жандарға жүгінесің. Олардың  аялы алақаны мен жүрек жылуына риза боп, сырқатыңнан әп-сәтте-ақ айығып кете барасың. Ауданымыздың бұл саласында адам жанының нағыз «инженері» атанған дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері  ондап емес, жүздеп саналатыны шындық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де – Қамыстыбас ауылына еңбегі сіңген өз саласының майталманы Аралбай Еламанов. 1964 жылы Қамыстыбас стансасында дүниеге келген ол өнегелі отбасынан тәлім-тәрбие алып,жастайынан қызмет жолында тек біліктілігімен көзге түсіп, көптің алғысын арқалады.
Атап айтар болсақ, 1981 жылы ауылдағы №21 орта мектепті бітірген соң,  Қызылорда қаласындағы СПТУ-128-де оқып, токарьлық мамандығын  алып шықты. 1982 жылы қараша айынан бастап 1984 жылғы қараша айына дейін Әзербайжан Республикасында  Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеп келгеннен кейін, Қамыстыбас ауылында жинақ кассасында бақылаушы, ауылдық кеңесінде әскери есеп столының басшысы қызметтерін абыройлы  атқарды. Ал, «бала күнгі фельдшер болсам»  деген арманын орындау жолында алдына үлкен мақсат қоя білген Аралбай 1988-1991 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы медициналық училищесіне оқуға түсіп, фельдшерлік дипломын иеленіп шықты. Алғашқы еңбек жолын  Аманөткел ауылдық ауруханасында фельдшерлікжұмысынан бастаған сала мақтанышы қазіргі таңда  Қамыстыбас ауылдық ауруханасы жанындағы жедел жәрдем бөлімшесінде, Қамыстыбасдәрігерлік амбулаториясында және МП.РЗД-92  бөлімшесінде фельдшерлік жұмысын жасайды.  Өзіне сеніп тапсырылған бірнеше жауапты жұмысты мұқият орындап, науқастарды емдеу жолында аянбай еңбек етіп жүргенін аудан тұрғындары жақсы біледі деп айтсам артық болмас. Себебі, ауыл қадірмендісі тек адам анатомиясын терең біліп қана қоймай, кез келген жағдайдағы науқастан жиіркенбей ем жүргізе білетін, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан. Адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын ақ халатты  тез әрі кәсіби түрде  жәрдем көрсетуінің арқасында әл үстінде жатқан талай адамның өмірін сақтап қалғаны ауыл тұрғындарының есінде. Орта буын медицина қызметкері болса да, науқастың талдамаларына қарап, оған дұрыс диагноз қоя білетін қабілеттілігі нағыз өз ісінің жанашыры екенін дәлелдейді.  Күн-түн демей, дамылсыз келіп түскен шақыртуларға құстай ұшып жетіп, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін  қажетті емдік шараларды қолданып, толық сауығып кетуіне жағдай жасайды. Ұзақ жылғы алғаусыз қызметінің арқасында көптеген аудандық, облыстық марапаттарға ие болды. Әр науқастың бабын тауып, кәсіби ем тағайындап, біліктілігі дәрігерлерден артық болмаса, кем болмайтын  Аралбайға басшылық тарапы да үлкен сенім білдіріп, әрбір ісіне құрметпен қарайды.
Бар ғұмырын денсаулық саласына арнаған Аралбай Махамбетәлиұлы өз қызметі туралы былай дейді:
–Медицина қызметкерлерінің әрбір күні нормаланған жұмыс күні деп айтуға келмейді. Себебі, алдыңа көмек сұрап келген әрбір адамның өмірі үшін жауаптымыз. Ол үшін ең алдымен, дұрыс тағайындалған дәрілік заттардың бір-бірімен үйлесімділігін және олардың науқасқа  кері әсері болмауы  ықтималдығын тексеріп аламыз. Сол бойынша қолымыздан келген барлық көмекті көрсетеміз. Құдайға шүкір, ауыл үлкендерінің ақ батасын алып, көгеріп-көктеп отырған жайымыз бар. Бастысы, жұмысымды өте жақсы көремін. Өз ісіме бар талантымды салуға тырысамын. Қиындықтар еңбек жолымда кездесті, кездесе де  береді. Бірақ, еңбегімді халық бағалап жатырса, мен үшін одан асқан бақыт жоқ. Осы салаға қатысты барлық мән-жайды  қол қусырып отырмай, сұрап білемін, сол бағытта кітаптар ақтарып отырамын. Егер өзімді, науқастарды мазалайтын сұрақтар туындаса, дәптерге түртіп қоямын. Ал, адам жанының арашашысы боламын деген жастарға айтарым,  мамандықты сүйіп, одан керектіңді түю керек. Сонымен қатар, маман кішіпейіл болу керек. Сырқат жандарға күшіңді ғана емес, жүрегіңді де жұмсай білу керексің. Сонда ғана елдің алдында беделге ие боласың.
Иә, алдына келген жанды ынта-ықыласымен емдейтін Аралбайдың жанұясы ауылдағы мерейлі отбасылардың бірі болып саналады. Ұл-қыз өсіріп, оларды жоғары оқу орнына түсіріп отырған өнегелі өмір иесіне мереке қарсаңында қызметте табысқа жете беріңіз дейміз.
Света Үсенқұлова.
14 маусым 2018 ж. 1 124 0