Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Өркенін жайған өнегелі отбасы

Өркенін жайған өнегелі отбасы

«Батыр Ана» Талма Назарқызы Жұмағұлова туралы бір үзік сыр
«Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие-бұл барша халқымыздың бақытты да табысты болашағының кепілі»
Н.Назарбаев
Мемлекет тірегі–үлгілі отбасы. Отбасы-шағын мемлекет! Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрып, адамгершілік қасиеттерге негізделіп құрылған шаңырақтар қашан да шаттыққа толы болады. Осындай, өнегелі отаулармен Отанымыздың іргесі берік. Шаттығы мен шырайы жарасқан мұндай әулеттер арамызда жетерлік. Егемен еліміздің демографиялық өсіп-өркендеуіне үлес қосып отырған өнегелі отбасылардың бірі–біздің Қамыстыбас ауылындағы Сағат ата мен Талма әженің жанұясы.
Иә, өмірдің іргетасы аналардың қолдарымен қаланады. Исламдағы текті тұлғалар–Хадиша, Айша, хазіреті Фатима, Домалақ аналарымыздың өмір жолдары кейінгі ұрпақ үшін тәрбие-тағылымы мол өшпес мұра. Сол сияқты біздің ауылдың да ардақты аналарының бірі «Алтын алқа» иегері Талма Жұмағұлова бүгінгі таңда он бір баланы дүниеге әкеліп, ондаған немере сүйіп, алты шөберенің қолынан су ішіп отыр. Ақылына келбеті сай ауылымыздың батыр анасы ақ жүрегімен ұдайы айналасындағы жандарға мейірім шуағын төгіп жүреді.
Бұл күндері жетпіс жастың алтыншы белесіне шыққан Талма әжеміз 1942 жылы қасиетті «Арыстанбаб» әулие атамыздың рухы жайлаған киелі Ақиректе дүниеге келген. Әке-шешесінің жалғызы болып бойжеткен ол, 18 жасқа толмастан Қамыстыбас ауылындағы Жұмағұловтар әулиетіне келін болып түседі. Ұзақ жылдар бойы жемісті еңбектің ерлері атанған отағасы Сағат Жұмағұлов су жүйесінде абыройлы жұмыс жасаса, ал, әжеміз темір жол саласында елеулі еңбек етті. Әжеміз жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязына қарамастан жастайынан шойын жолдың бойында шыңдалып, еңбек озаты атанды. Еңбегі еленген жан Кеңестер Одағының «Батыр ана» төсбелгісімен және 2010 жылы Елбасымыздың «Алты алқасымен» медалімен марапатталды.
Әрине, қашанда қазақ жақсы жарымен, астындағы атымен, жанына ерген жақсы баласымен мақтанған. Бар саналы ғұмырында марқұм Сағат ата мен Талма әже өмірдің ащы-тұшысын  бірге көріп, қиыншылықтарға еш мойымай  балаларын бар ықыластырымен тәрбиелеп өсірді. Перзенттері де абзал атаның ақылын, асыл ананың үлгі-өнегесімен бой түзеп, саналы азамат ретінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жүр. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, балаларының барлығы дерлік, жоғары білім иелері. Мәселен, Әділбегі, Серігі, Хадишасы ауылымыздан шыққан тұңғыш полиция подполковниктеріболды. Ал, Анар, Айбек, Асқар, Айгүл, Күлшаттары аймағымызға танымал кәсіп иелері. Розасы білікті дәрігер. Асылбегі–мұнай саласында тәжірибелі маман болса, кенжесі Нұрлан–ауылдағы орман шаруашылығы мекемесінде жұмыс жасайды. Балаларының барлығы дерлік, еліміздің түкпір-түкпірінде ата-анасының үмітін ақтап, адал жолмен жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олардың ұл-қыздары да құқық қорғау, заң саласында абыройлы қызмет атқаруда.
Марқұм, отағасы Сағат перзенттерінің қол жеткізген жетістіктерін көрсе де, немерелерінің ер жеткен шақтарын көре алмай кетті. Сонда да атамыз ылғи да татар дәм-тұзы таусылғанша балаларына жастық шақта басынан өткен қиыншылықтарын айтып, өз еліңде тұрып, Отаныңа қызмет етуден асқан байлық жоқ екенін ұдайы әңгімелеп отыратын. Талма әжей де маңдай термен тапқан еңбектің наны тәтті болатынын, ол үшін білім алу қажет екенін үнемі айтып отырды. Балалары да ата-анасының айтқан ақылдарын өмірлік қағида етіп ұстанды және өмірде, қызметте үлкен жетістіктерге жетті.
Мен де өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отырған Талма әжейдің үлгілі шаңырағына бақ-береке тілеп, ауылымызда осындай  берекелі отбасылардың саны арта берсін демекпін.

Зере Махамбетәлиева,
№21 Қамыстыбас орта мектебінің оқушысы.
06 маусым 2018 ж. 2 753 0