Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ОТБАСЫ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

ОТБАСЫ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ

Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бекітуімен – «Ислам және отбасы» жылы деп жарияланған болатын. Осыған орай, бүгін Арал ауданына ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Өкілі, «Ақмешіт – Сырдария» мешітінің бас имамы Абуов Болатбек Ұласханұлы арнай сапармен келді. Игі бастама аясында өңірімізге ат басын бұрған бас имамды аудан әкімі арнайы қабылдап, ауданда жоспарланып отырған діни бағыттағы шаралардың ел болашағы үшін әсіресе, жастар үшін маңызы зор екендігін тілге тиек етіп, қолдау танытты.
Одан әрі, жоспарға сәйкес аудандық мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімі және аудандық орталық мешіттің ұйымдастыруымен «Отбасы – ұлт болашағы» атты аудандық семинар өтті. Аталмыш семинарға ауданға қарасты қала, кент, ауылдық округтердің имамдары, мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, «Дінтану негіздері» пәнінің ұстаздары, психолог мамандар және жастар өкілдері қатысты.
Отбасы құндылықтарын қайта жаңғыртудың маңызы, исламдағы отбасының орны, бабалар өнегесі, дәстүрлі тәрбие мектебі тақырыптарын арқау еткен басқосуда семинар модераторы аудан әкімінің орынбасары Р.Өтешов ауданға арнайы келген өкілді таныстырып, сөз кезегін ұсынды.
Өз кезегінде сөз тізгінін алған «Ақмешіт – Сырдария» мешітінің бас имамы Б.Абуов «Исламдағы отбасы» тақырыбында ой тербеп, «Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Барлығың да бақташы секілдісіңдер және барлықтарың қоластыларыңдағылар үшін жауап бересіңдер. Басшы - бақташы. Ер адам - отбасының бақташысы. Әйел - ерінің шаңырағы мен балаларының бақташысы. Қысқасы, әрбірің бақташысыңдар және өздеріңе бағынышты жандар үшін жауаптысыңдар» - деп, ерлі-зайыптылардың міндеттерін ашық-айқын көрсеткен» - дей келе, ерлі-зайыптылардың міндеттері, отбасы құндылықтары мәселелері төңірегінде әңгіме өрбітіп, өнегелі мысалдарды айта отырып, отбасының тұтас мемлекеттің болашағын қалыптастырудағы маңыздылығына тоқталды.
Бұған қоса, тағлымды шара барысында зиялы қауым өкілі Ишмұрат Берденов «Отбасы құндылықтары» атты тақырыпта тәлім мен тәрбиеге толы баяндама жасады. Сонымен қатар, «Отбасы – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы» тақырыбында №64 орта мектептің педагог-психологы Гүлдәурен Жалелова баяндама жасап, бала өміріндегі отбасының алар орны жайында кеңінен талдап өтті. 
Қорыта айтқанда, «Ислам» отбасының ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік және түсіністік негізінде құрылғанын қалайды. Бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғалардың дүниеге келуіне қабілетті болмақ. Ендеше, елдің, ұлттың болашағы әр отбасында шешіледі, негізі қаланады. Расында, бұл жайттар көпке ой салары анық.
22 сәуір 2018 ж. 1 802 0