Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балабақшаның басты міндеті-ұлттық тәрбие беру

Балабақшаның басты міндеті-ұлттық тәрбие беру

Ұлттық тәрбие беру-ұрпақ санасына ғасырдан-ғасыр жалғасып келе жатқан, өз ұлтымыздың жауһарларын сіңіру болып табылады. Біздің дана халқымыз қай кездеңде де ұрпақ тәрбиесіне ұлт болашағы деп қарап, үлкен көңіл бөлген. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында «толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн» деп бүгінгі жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар аясында, қазақ халқының рухани-мәдени сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу басты мақсатымыз екенін көрсеткен. Жаһандану үрдісіне еркін енген осы заманда тек ұлттық тәрбие алған ұрпақ қана дені сау, білімді, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өсетінін түсінетін уақыт әлде қашан жетті.
Осындай ұлттық тәрбие беруді мақсат еткен Сексеуіл кентіндегі «Алма-Рай» балабақшасы баланың қоғамға өзіндік пайдасын тигізер тұлға болып дамып жетілуі жолында тындырымды жұмыстар атқарып жатыр. Мәселен, халқымыздың атадан балаға мирас болып қалған балалардың жасына сай қажеттілігіне жауап бере алатын бірден-бір тәрбие құралы-ұлттық ойындар екені анық. Осы орайда, балабақша ұжымы ең алдымен, ұлттық ойындар  арқылы баланың ойын дамытып, одан әрі қарай ұлттық тәрбие беруді мақсат тұтқан.
         Қазіргі таңда типтік жобада салынған  балабақшаның 7 тобында  160 бала тәрбиеленіп  жатыр. Оның екеуі мектепалды даярлық тобы. Балабақша бүлдіршіндерді тәрбиелеуге қажетті заманауи жабдықтармен, ойыншықтармен  қамтамасыз етілген. Қазіргі заман талабына сай оқу-тәрбие ісін мемілекеттік жалпыға міндетті стандартын негізге ала отырып, ұлттық педагогикалық бағытта жетілдіруде. Сондай-ақ, балабақшада әдіскер, психолог, ағылшын тілі маманы, әуез жетекшісі сынды қызметкерлер балдырғандарға тереңдете білім береді. Себебі, тәрбие орнына  3 тілдік білім беру жүйесі енгізілген. Қырыққа жуық кент тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған балабақша құрылтайшысы Алмагүл Еңсепова:
         -Біз қазақи қасиеттеріміз бен салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз арқылы жастардың жүрегін тербей отырып, ой-санасын адамгершілікке, парасаттылыққа, адалдыққа, рухани ізгі қасиеттерге баулып өсіруге бағыт-бағдар береміз. Жастар-Қазақстанның болашағы десек, оларға осы бастан  қазақ халқының ежелден қалыптасқан тектілігін түсіндіріп,дарындылығын, дархандығын, қонақжайлығы секілді асыл қасиеттерін үйретуіміз керек. Әсіресе, бөбектерге салт-дәстүріміз бен  әдет-ғұрыптарымызды таныстырып, ана тілімізді құрметтеуге баулысақ, келешекте олардың халқымыздың асыл қазыналарын сақтай білетін, өз елінің патриоты болып өсері сөзссіз. Осы турасында балабақша қызметкерлері  балаларды имандылыққа тәрбиелеу үшін оларға мейірімділік, қайырымдылық, кішіпейілдік, қамқорлық көрсету секілді ізгі қасиеттерді бойларына сіңіру үшін ең алдымен,  халқымыздың ұлттық ойындарымен таныстырудан  бастайды-деп, балабақшаның жеткен жетістіктері туралы кеңінен айтып өтті.
А. Құдайбергенова,
аудандық білім бөлімінің жетекші маманы.
21 желтоқсан 2017 ж. 3 686 0