Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәңгілік ел ұрпағы тарихымен мақтанады

Мәңгілік ел ұрпағы тарихымен мақтанады

         Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бүгінгі таңда қалың бұқара тарапынан қызу қолдауға ие. Осынау мазмұны бөлек мақалада Мемлекет басшысы: «2013 жылы «Халық-тарих толқынында» атты бағдарламасы арқылы әлемнің ел белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерделедік» деген болатын. Осы орайда, біз де тарихымызды түгендеуге титтей болса да өз үлесімізді қосуды жөн деп таптық.
         Иә, қазақ жері екі ғасырдан астам Ресей державасының қоластында болған жылдарда, қазақ халқының өз тағдырын өзі билеу құқығынан айырғаны, түгелдей империялық заңдардың бұғауына түскені біздерге тарихтан белгілі.Бертін келе, қазақ қоғамының осы бір қасіретін халықтың көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күреске бастап шықты.
«Алаш қозғалысының ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының саяси-әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу жолындағы күресі, азаттық үшін күрестің жарқын беті болып табылады. Алаш арыстарының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алу, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр. Аласапыран заманда бүтіндей бір ұлттың сенгені тек оқыған азаматтар болатын. Елдің егемендігін қалпына келтіріп қана қоймай, озық, өркениетті елге айналдыруды көздеген Алаш қозғалысы сол уақытта «қараңғы қазақ көгіне күн болып өрмелеп шықты». Міне, биыл қазақ интеллигенциясының көрінісі болған Алаш қозғалысына ғасыр толып отыр. Тәуелсіздікке қол жеткізген осы заманда азаттық үшін төгілген тамшы терді, аққан қанды ескерусіз қалдырғанымыз өзімізге сын болар еді.
Жуырда Алашорданың 100 жылдығына орай,  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих, археология және этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Фатима Қозыбақоваапайдың жетекшілігімен «Мақсатқа жету жолында» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Мазмұнды шараны ұйымдастырудағы басты түпкі ой-Алаш арыстарының рухын жас ұрпаққа сіңдіру, еліміздің болашағы болып табылатын жастарға Алаш идеясын ұстанған ұлттық-демократиялық зиялылардың саяси қызметі мен ұлттық партия құру идеяларын дәріптеу, ең бастысы, өз тарихымызды зерделей түсу болатын. Студенттер Алашорда мен азаттық ұғымының сабақтастығы туралы пікірлерін білдірді. Көптеген тың мәліметтермен, көне құжаттармен таныстық және де мұражайларға барып, ізденіс үстінде тарихымызға қанықты.
Осыдан 100 жыл бұрын құрылған Алашорда арманының бүгінгі көрінісі-Тәуелсіз Қазақстан.  Алашорда мен азаттық егіз ұғым. Ал, осы Тәуелсіз Қазақстан  сол арыстардың бізге қалдырған ең ұлы аманатындай. «Сөздің ұлысы-тарих» деген Ахмет Байтұрсыновтың қанатты қағидасы әрбір санада жатталуы тиіс. Яғни, осындай іс-шаралар арқылы өткенімізден сабақ алып, қазақстандықтар бүгінгідей мамыражай күндерімізді бағалағандары жөн. Ертеңге азат елдің ұл-қызы ретінде нық қадам жасасақ - болашақ біздікі.
Бостандықтың ақ таңы үшін жандарын құрбан еткен, болашақ ұрпақ жолына тәлімді мұра қалдырған алашордалықтардың ұлы істерін ұлықтауымыз маңызды. Бұл-ата-баба рухына деген мәңгі тағзымымыз болмақ.  
Фатима Қозыбақова,
Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих, археология және
этнология факультеті  Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры,
тарих ғылымдарының кандидаты.
21 желтоқсан 2017 ж. 2 228 0