ЖЕҢІС КӨКТЕМІНІҢ КУӘГЕРІ
Ұлы Отан соғысының жер жаһанды жалмап жанған өрті өшкеніне 73 жыл уақыт өтсе де жүрекке түскен жарақат әлі күнге жазылар емес. Өйткені, елімізде соғыс қасіреті шарпымаған бірде-бір отбасы жоқ. Қаншама жас жігіт ерте солған гүлдей майдан даласында мерт болды. Хабар-ошарсыз кеткендер мен еріксіз тұтқынға түсіп, азап лагерінің қасіретін шеккендер қаншама? Соғыстан қайтқан солдаттар мен мәңгілік алауға айналған боздақтардың ұрпақтары – бүгінгі аға буын мен орта жастағы азаматтар Отан қорғаушылардың ерліктерін ешқашан ұмытпайды. Ерегескен дұшпанмен арпалыста жарақат алып, елге есен жеткендері бейбіт өмірге араласты. Ел басына күн туғанда қолына қару алып қан майданға аттанып, кеудесін Отан үшін оққа тосқандардың қатарында жерелесіміз Қани Медетбаев та болды.
Өз замандастары секілді майдангер Қани Медетбаевтың өмірбаяны қарапайым. Ол Қазалы ауданына қарасты №3 ауылда шаруа отбасында дүниеге келеді. Қаршадайынан шаруаның жайын қадағалап өскен қыр баласы ауылда қалып қоймай, білімін әрі жалғастыруды ойлапты. Талапты ұлының бұл қисынды ойын әкесі-шешесі де қолдайды. Содан зерделі жас ата-анасымен ақылдаса келе Қазалыдағы ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсіпті. Бұл соғыстың алдындағы жыл болса керек. Ал, аталған іргелі оқу орны сол кездерде облыстағы халық шаруашылығы мамандарын даярлайтын байырғы оқу орнының бірі болатын. Осы оқу орнын өзіміздің Қызылорда облысынан ғана емес Қазақстанның өзге өңірлерінен де талапкерлер іздеп келіп, білім алатын.
Осылайша, ел шетіне жау тиіп, соғыс өрті тұтанғанда кейіпкеріміз ескі Қазалы қаласындағы ауылшаруашылығы техникумында оқып жүрген студент еді. Бұл елдегі ер-азаматтардың бәрі жаппай Отан қорғауға аттанып жатқан қиын-қыстау кезең. Жас жігіт 1942 жылдың 1 қаңтары күні Қазалы аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақыру алынып, туған Отанын қас дұшпаннан қорғауға аттанады. Бағыт – Батыс емес, оңтүстік еді. Сол тұста ортақ Отанымыздың жүрегі Мәскеу мен оның түбіндегі қалаларды дұшпаннан қорғау үшін қанды шайқастар жүріп жатқан-ды. Алайда бұларды әуелі Ташкенттке әкеп, бір айлық әскери дайындықтан өткізеді.
Соғыстың алғашқы күндерінен бастап байтақ Отанымыздың барлық жерінде әскери құрамалар мен бөлімдер құрылып жатты. Құрамында Қ.Медетбаев бар Өзбекстанда жасақталған атқыштар полкі 1942 жылдың ақпан айында Мәскеуге қарай жол тартты. Осылайша, өрімдей жас жігіттерді Мәскеу түбінде жүріп жатқан қиян-кескі ұрысқа әкеп салды. Өлім мен өмір арпалысқан қатерлі күндерді бастан кешкен жауынгер алғаш рет қанды шайқасқа осы жерде куә болды. Ұрыс даласында командирге қарағанда солдат шығыны анағұрлым көп болатыны белгілі. Алғашқы қиын кезеңдегі алапат шайқастар үлкен шығынымен аяқталатын. Взводтағы солдаттар саптан шығып, қайта толдығып, қайта жаңарып жатты. Ал бірнеше мәрте жарақат алған кейіпкеріміз кейін Смоленскіні жаудан тазартуға қатысты.
Осы тұста қатарында мыңдаған қазақстандықтар болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап барлық майдандарда фашистік басқыншыларға қарсы шайқастар жүргізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсеткенін айрықша атап өткеніміз жөн. Мысалы, соғыс жылдары Орта Азия елдерінен өзге елімізде 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жасақталып, майдан даласына аттандырылған. Қазақстанда жасақталған әскери құрылымдар соғыстың алғашқы күндерінен бастап жаумен ерлікпен шайқасқаны қалың жұртқа белгілі. Әсіресе, Мәскеу үшін болған қанды қасап қырғында қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетіп, есімдері тарих беттерінде қалды. Ең ірі шайқас орын алған Ржев және Сталинград қалаларын қорғауға, азат етуге қатысқан қазақтың оғлан ұлдарының қаһармандық ерліктер ел ұмытпайды.
Төрт жылға ұдайы созылған соғыстың өн бойында ерлесіміз Белоруссия майданындағы ұрыстарда болып, бауырлас елдің көптеген қалалары мен селоларын фашистерден тазартуға, тіпті 900 күн қоршауда болған әйгілі қала - Ленинградты азат етуге де қатысады. Бұл 1944 жылы болатын. Осы жылы ғана рухы мықты қаланы қоршап тұрған жау қоршауы бұзылды. Майдан жорығы мұнымен де бітпеді. Жерлесіміз керзі етікмен Еуропа төрін шарлап, кәрі құрлықтың халықтарын фашистік езгіден азат ету шайқастарының бел ортасында жүрді. Бейбітсүйгіш ел зарыға күткен Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған майдангер Қ.Медетбаев осы Еуропада тағы екі жыл әскери қызметте болды. Міндетті борышын адал өтеп, елге тек 1947 жылы ғана оралған жауынгер көп ұзамай шаңырақ көтереді. Ұлы жеңісті жақындатуға үлес қосқан майнгер Медетбаев бейбіт өмірде де әскери жұмыс атқарыпты. Бұл кезде соғыстан қайтқан ауыр техникаларды Орта Азия мен Қазақстанға темір жол арқылы тасымалдау жүріп жатқан еді. Яғни, бұл осы Азиялық аймақтағы әскери округтерді жабдықтау кезеңі болатын. Қазалы әскерилендірілген күзет мекемесіне жұмысқа орналасқан жерлесіміз осындай күрделі жұмыстың басы-қасында жүрді.
Майдангердің ұлы Әділбай Медетбаевтың айтуынша, сол тұста аталған станциядан тәулігіне 80-90-ға дейін ауыр жүк поездары өтеді екен. Аға кондуктор Қ.Медетбаев соларды түпкілікті орнына жеткізілуіне әскериленген кондуктор есебінде тікелей жауапты болған. Күні-түні жүріп, Ақтөбенің Шалқары мен Түркістан аралығын жол қылды. Тіпті осы жауапты жұмыста жүріп көзінен жарақат та алды. Екі тілде сауатты, алғыр маман аталған мекеме басшысынан 5 мәрте Алғыс хат, бірнеше мәрте бағалы сыйлықтар алып, абыроймен еңбек етті.
Ғибарты ғұмыр кешкен ардагер атамыз Берлин қаласын жаудан тазартудағы ерлігі үшін «Берлинді алғаны үшін», 1954 жылы, бейбіт заманда «Ерлігі үшін» медалдарымен, ал 1969 жылы «Жеңістің 20 жылдығы» және «КСРО әскери күшінің 50 жылдығы» мерекелік медалдарымен марапатталған.
Ширек ғасырға жуық Қазалы әскерилендірілген күзет мекемесінде қызмет істеген Қ.Медетбаев Ұлы Отан соғысында алған жарақаты, яки ІІ топтағы мүгедектігіне байланысты 1971 жылы зейнеткерлікке шығады.
– Әкем соғыста көрген қиындықтары, ұрыс қимылдары кезінде көрсеткен ерліктері туралы айтып үлгерген жоқ еді. Себебі, майданнан оралысымен ол тағы да әскери форма киіп, әскериленген ауыр поездарға аға кондуктор болып тағайындалған-ды. Ал, жұмыс өте ауыр, қарбалас болатын. Біз әлі жас едік. Әкем жұмыста жүріп сол көзінен жарақат алды. Осы оқиғаны еске алғанда: «Бір күні түнде бір состав поезд Үндстанда жасалған кілем тиеп келе жатты. Біз күзеттеміз.Аралқұм бекетінен өткеннен кейін поезды біреулер тоқтатады. Ең соңғы вагоннан көмекшім екеуміз екі жақтан жүгіріп составтың ортасына жеткенде жерде жатқан кілемге көзіміз түсті. Сол сәтте вагоннан орта тұсынан шыға келген біреу темір сүйеменмен бас жағымнан салып жіберді. Оның ұшы келіп көзіме тиді,» - деп отыратын.
Алматылық дәрігерлер әкемді Мәскеуге жіберді. Сол жақтағы мамандар иттің көзін саламыз десе, қазақпыз ғой, көнбей, «бір басқа бір көз де жарайды» деп ауылға қайтып келді. Осы жарақаты көп ұзамай оң көзіне, кейін миына шауып, асқынып кетті. Ұлы жеңістің 25 жылдығы жақындаған кезде яғни, 1974 жылы қайтыс болды, - дейді майдангердің кенжесі Әділбай Медетбаев.
Кейіпкеріміз атадан үш ағайынды болған. Олар – Нұржамал, Молдағағали және Қани. 1919 жылы Қазалыда дүниеге келген Медетбаев Молдағали әкеміз де тұстастарымен бірге 1941 жылы соғысқа аттанып, Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алған майдангердің бірі. Ол соғыстан кейін 10 жыл бойы Польшада, Алматыда әскери қызмет атқарыпты. Туған өлкеге 1955 жылы оралып, апасы Нұржамалмен, інісі Қанимен табысады. ҰОС ардагері, запастағы майор Молдағали Медетбаев 1981 жылы қайтыс болды.
Ал, Қани Медетбаев жұбай Орынбасар екеуі отбасында 5 ұл және 5 қыз тәрбиелеп өсірген бақты ата-ана ретінде жарқын ғұмыр кешті. Отбасының ұйытқысы болған батыр ана Орынбасар Медетбаева 2000 жылы дүние салды. Бүгінде майдангер әулетінде 23 немере мен 21 шөбере өсіп келеді. Олар майдангер атасы мен батыр әжесін мақтаныш етеді.
Жеңісті Берлин қаласында қарсы алған майдангер Молдағали мен Қани 1955 жылдан өмірлерінің соңына дейін Қазалы ауданы орталығында бірге тұрып, ұрпақ тәрбиелеп, бақытты ғұмыр кешті. Қазір ағайынды Медетбаевтардың ұл-қыздары мен немере-шөберелері өздерінің тегін соғыстан қайтқан майдангер аталарының атына жаздырыпты. Өнеглі отбасында тәрбие алған олар бүгінде түрлі мамандық игелері. Еліміздің түкпір-түкпірінде тәуелсіз Отанымыздың дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүр. Бірі ата жолын қуып теміржолшы атанса, енді бірі облыс орталығы Қызылорда қалсында бірі білікті дәрігер, халық қалаулысы - депутат.
Отанымызды жаудан қорғап, соғысты Берлинде аяқтаған ардагер атаның ұрпақтары жыл сайын Жеңіс көктемін асыға күтеді. Өйткені, олар үшін 9 мамыр мерекесі – Отан қорғаудың өшпес өнегесі мен ерліктің ерен үлгісі болып адамзат шежіресінде мәңгі жазылып қалған ең айтулы мереке. Бұл күні олар ерлікке бас иіп, Отан үшін от кешкен батырларға тағзым етеді.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ