Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын құрсақты ана

Алтын құрсақты ана

Аймақтың басты арнасы «QYZYLORDA» телеарнасы шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай асыл аналарымызды ардақтау мақсатында «Алтын құрсақты ана» байқауын жариялаған болатын. Байқауға «Көп балалы аналар қыстағы» атанған Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектептің мұғалімі, «Күміс алқа» иегері Гүлмира Базарбаева да қатысқан еді. Мереке қарсаңында Жақсықылыш кентіне Қызылорда қаласынан «Жеңімпаз бен жүлдегерлерді дауыс беру арқылы анықтайтын байқау қорытындысында Гүлмира Базарбаева ІІ орынды иеленді» деген қуанышты хабар жетті. Жақсы хабар жерде жатқан ба, жақын-жуықтары мен әріптестерінің шынайы лебіздері мен қуаныштан бал-бұл жайнаған «Алтын құрсақты Гүлмира ана» туралы мереке күндері эфирден арнайы бейнематериал көрсетіліп, телеарнаның арнайы сыйлығы тапсырылмақ.
         Мұғалімдер отбасында тәлім алып өскен Гүлмираның әкесі химия, биология пәндерінің, ал анасы математика пәнінің мұғалімі болып абыройлы еңбек етіп, бірнеше буын ұрпаққа білім мен тәрбие берген, көп құрметіне бөленген нағыз ұстаздар еді. Отбасындағы ұл-қыздары да білімді, жан-жақты болып өсті. Егіздің сыңары Гүлмира анасы секілді математика пәнінің мұғалімі болуды қалап, орта мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түсіп, ойдағыдай тәмамдады. Алғаш еңбек жолын қаладағы №83 орта мектепте бастап, одан соң №19 орта мектепте жалғастырып, отыз жылдан астам уақыт ең күрделі пәннен дәріс беріп келеді.
         Ал, Гүлмира Жанғазықызының жары Нұртуған Жаңабергенов –  Ұлы Отан соғысының ардагері Жаңаберген Берекетов пен Ақсұлудай «Батыр ана» ананың ұрпағы. Физика пәнінің озат мұғалімі. Оқуға зерек, өнерлі, инабатты да ибалы болып өскен қыздары – бүгінде ата-аналарының мақтаныштары. Тұңғыштары Жанна – Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университетті психолог мамандығы бойынша үздік тәмамдады, екі баланың анасы. Ал, Жансая – Тынышпаев атындағы көлік дәне коммуникациялар академиясын үздік бітіріп, Арал темір жол станциясында еңбек етеді. Үлкен отбасының үлгілі келіні. Мектепті «Алтын белгімен» тәмамдап, білім алған ұясының абыройын асырған Айдана болса, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің магистратурасында оқиды. Ұлан есімді қыздары «Серпін» бағдарламасы бойынша Ақтөбедегі Жұбанов атындағы университетте білім алуда. Мереке мен Анель – мектепте оқу озаттары. Сүйсінерлігі, қыздарының барлығы да мемлекеттік грант иегерлері.
          – Өмірден ертерек өткен аяулы анам «Бала бер, бала берсең сана бер» деген сөзді жиі айтып отыратын. Байыбына барласам, көп мән жатқан сықылды. «Жақсы жерге түскен келін – келін» деп те бекер айпаған ғой. Қайын атам – «Аралтұз» комбинатында қырық жылдан астам тер төккен, көргені көп, елге абыройлы жан еді. Ал, енем – ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында еңбек етті. Немерелерінің күтіміне көп көңіл бөлгендіктен, жұмысымда абыройлы болдым. Аудандық «Жыл мұғалімі – 2012» байқауында жүлделі орынды, сондай-ақ, білім бөлімінің Құрмет грамоталары  мен Алғыс хаттарын да иелендім. «Кең болсаң, кем болмайсың» демекші, кеңпейіл, көпшіл қасиеттерін бойыма сіңіре білдім, – дейді ұстаз-ана. 
Лаура Иманбайқызы.       
07 наурыз 2018 ж. 2 466 0