Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кейуанаға құрмет көрсетті

Кейуанаға құрмет көрсетті

Наурыз айы туды. Қыстайғы жауған қалың қардың көбесі сөгіліп, сірескен сең сетінеді. Табиғат-ана көктем мезгілінің келгенін байтақ далаға хабардар етіп, оңтүстіктен жылы леп есті...     
Жаңарған уақыттың алғашқы жұлдызы алғыс айту күнімен басталып, халықаралық деңгейдегі айтулы мереке 8 наурыз әйелдер күнімен ұштасты. Иә, біздің айтпағымыз да осы. Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ойлы өлеңдерімен өмірді өрнектеген ақындардың жырына арқау болған аналарға құрмет көрсету мақсатында Сазды ауылдық округіне арнайы барды. Яғни, шаруасын шалқытып, берекелі тірлік кешкен елді мекендегі 108 жас жасаған көнекөз қария Жонай Танымбетоваға арнайы барып сәлем беріп, сый-сияпат табыстады.
Сондағы кейуананың қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Аудан басшысының шаңырағына арнайы бас сұққанына балаша мәз.
Күлімдеп жеткен көктемнің қуанышты мерекесі ешқашан ескерусіз қалмайды. Адамзат баласы қандай биікке көтерілсе де, тіпті, әлемді билесе де, алтын құрсақты аналар алдында қарыздар,-деген Мұхтар Әуесұлы қос ғасыр куәгері болған ғибратты ғұмыр иесінің батасын алып, ауырмай-сырқамай ұрпақтары мен халқының ортасында мақтанышқа айналып жүре беруіне тілектестігін білдірді.
А.Жайшылық.                    
06 наурыз 2018 ж. 1 626 0