Әкімдік мандат пен аналық бақытқа бөленген

Жақсықылыш кентінде (Аралсульфат поссоветі) жұмысшы отбасында дүниеге келген. Жалғасбаева Мирамкүл жастайынан білімге құштар болып өсті. Ауыл мек үздік аяқтаған ол қазақы тәрбиеде өсіп-жетілді. Білімі жоғары. Жезқазған педагогикалық институтынан физика-математика пәнінің мұғалімі деген мамандық алып шыққан. Сандарды сөйлетсек, әр жылдар кейіпкеріміздің өмір кестесі іспетті. Тынымсыз еңбегінің арқасында кейіпкеріміз бүгінде ауылға айна боларлық деңгейге жетіп отыр. Ендеше, мұны алған білімнің нәтижесі, жеткен жетістіктердің өтеуі деп айтқан жөн шығар. Еңбек жолын ауылдағы ауданға қарасты Қосаман елді мекеніндегі №68 мектеп-интернатында физика-математика пәнінің мұғалімі болып бастаған ол әкімдік қызметке дейін көптеген басшымен қызметтес болып, талай мәрте тәжірибе алаңында сынақтардан өткен. Аралсульфат поселкелік Советі атқару комитетіне хатшы, жауапты хатшы, іс-басқарушы, кеңсе меңгерушісі, 2000 жылдың қаңтарынан бастап бас маман, 2013 жылдың қазанынан кент әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Ал, 2016 жылдың қаңтарынан бастап кент әкімі деген лауазымды абыроймен атқарып келеді.
Қызмет бабымен бірге отбасылық өмірде де ана бақытына бөленген кейіпкеріміз қазіргі таңда Әлімхан есімді бір ұлдың анасы, Жұлдыз есімді келісті келіннің енесі. Ұлы қазіргі таңда №19 орта мектепте бағдарламашы болып қызмет атқарса, келіні Жұлдыз қаладағы №262 мектеп-гимназияда математика пәнінен оқушыларға дәріс береді. Үнемі келелі басқосулар мен ауқымды жиындарда ел ағаларымен қатар жүріп, туған ауылының тату тірлігі үшін табанды еңбек етіп келе жатқан Мирамкүл Кәрібозқызының біз білетін болмысы осындай.

А.Қарасай.