Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 29 жыл

Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 29 жыл

Ардагерлер оқушылар ортасында Ондаған мың адам құрбан болған қанды шайқасқа Қазақстаннан 22 мың азамат қатысқан. Олардың көбі сол елде қаза тапты. От пен оқтың ортасында сұрапыл соғыстың тақсыретін көргендердің қатарында аралдық азаматтар да болды.
Жақында №71 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Дастан Алдажаровтың ұйымдастыруымен Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу кеші өтті. Кездесуге ауған соғысының ардагерлері Серік Жұмахметов, Болат Жұбанов және аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкері Нағашыбай Құлжігітов қатысты. Шарада Ауғанстан соғысы жайында бейнероликтер көрсетіліп, баяндамалар оқылды.
– Ауған соғысына қатысқанымда мен өрімдей жас едім. Тәрбиемізден бе, тартынуды да, үркуді де білмедік. Бойымда соғыс жүріп жатқан елге деген аяныш сезімі болды. Түрлі ұлт өкілдері болсақ та бірге туған бауырдай болған жап-жас жігіттер қыршынынан қиылды. Әлемде тек тыныштық, бейбіт өмір болсын деп тілеймін, – деген Серік ағаның әңгімесі қатысушыларға үлкен ой салды.   Өз кезегінде сөз алған Болат Жұбанов «Бұл күнді біздер соғыста қаза болған боздақтарды еске алу күні деп білеміз. Соғыстың салған зардабын осы күнге дейін тартудамыз. Жастар Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті түрде бару керек», – деді тебіреністі үнмен. Ал, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің қызметкері Н.Құлжігітов мектептегі 2001 жылы туған ер балаларға әскери есепке тұру куәлігін салтанатты түрде табыстады.    
Мектеп оқушылары ардагер ағаларына арнап патриоттық әндер шырқап, алғашқы әскери дайындық пәні бойынша өз бейімділіктері мен өнерлерін көрсетті. Шара соңында оқушылар қонақтарға гүл шоқтарын және естелік сыйлықтар табыстады.
Бақыт Мадинова,
№71 орта мектептің әлеуметтік педагогі.
        
15 ақпан 2018 ж. 2 621 0