Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үмітпен көз тігуде

Үмітпен көз тігуде

Қазақстан 1992 жылы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды. Бұл оқиға тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл дүние жүзі үшін тарихи және саяси тұрғыдан өте маңызды оқиға болған еді. Содан бергі уақыт ішінде еліміз биік белестерден өтіп, халықаралық зор беделге ие болып келеді.
Қазақстанның 2017-2018 жылдардағы БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайланғаны туралы айтсақ, бұл да оңайлықпен келе қойған жоқ. Бұл додада басты қарсылас Тайланд елі болған еді. Тайландтың саяси аренада өз орны бар мемлекет екені белгілі. Шешуші сәт 2016 жылдың 28 маусымында өтті. Бас Ассамблеяда өткен дауыс беру кезінде Қазақстанды 138 мемлекет қолдады, ал Тайланд 55 дауыс жинады.
Нью-Иорктегі БҰҰ-ның штаб пәтерінде 2017-2018 жылдарғы кезеңге Қазақстан кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүшелікке ұсыну туралы ресми түрде хабарланды. Қауіпсіздік Кеңесіне өткен сайлаудағы Қазақстанның жеңісі Президентіміздің аса жоғары халықаралық беделін аңғартты. Сондай-ақ, бұл еліміздің бейбітсүйгіш екенінің және әлемнің барлық құрлығындағы елдермен достық қарым-қатынас орната білгендігінің дәлелі еді. , әлемдік аренадағы ең ірі ойыншылармен стратегиялық және сенімді қарым-қатынастар қалыптастыра білген Қазақстанның сындарлы да бейбітсүйгіш сыртқы саясатын, сондай-ақ, әлемнің барлық құрлықтарындағы елдердің бәрімен достық қарым-қатынас орната білуін мойындағадықтың дәлелі болып табылады. Қазақстан – Орталық Азия елдерінің арасында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып енген алғашқы республика. Қауіпсіздік Кеңесі құрамындағы Қазақстанның басты мақсаттарының бірі – әлемдік соғыс қаупінің алдын алу. Бұдан бөлек Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» атты парадигмалық манифесінде айтылған БҰҰ-ның 100 жылдығына орай, 2045 жылы жанжалсыз әлем құруды жүзеге асыру.
Еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып жұмыс істегеніне бір жыл толды. Ұйымның көптеген отырыстарына, ашық пікірталастары мен брифингтеріне қатысты. Қазақстан делегациясы Кеңестің түрлі комиссиялары құрамында Колумбия, Гаити, Орталық, Батыс және Шығыс Африка елдеріне, Аддис-Абебадағы Африка одағының штаб-пәтеріне, АҚШ басқыншылығымен кездесу үшін Вашингтон қаласына іссапармен барып қайтты. Еліміздің өкілдері Қауіпсіздік Кеңесінің қарарлары сынды маңызды құжаттарды қабылдауға мазмұнды үлес қосты. Сонымен қатар, өткен жылдың 27 қарашасында Қазақстан, Германия және Ауғанстан делегациялары Қауіпсіздік Кеңесінің Аррия формуласы бойынша «Ауғанстан үшін серіктестіктер: Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен дамудың өзара ықпалдастығы» тақырыбында мәжіліс өткізді. Аталған шараға қатысушылар ауған тарпына экономикалық қолдау көрсетудің маңыздылығына назар бөлу қажеттігін айтып, бұл осы елдің ұзақ мерзімді қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қол жеткізудің бірден-бір жолы екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Қауіпсіздік Кеңесінің күн тәртібінде тұрған мәселелердің 70 пайызға жуығы Африкадағы шиеленістерге арналған. Солардың ішінде Судан мен Оңтүстік Судан, Орталық Африка Республикасы, Конго Демократиялық Республикасы, Бурунди, Мали, Ливия, Сомали секілді бірқатар мемлекеттердегі ұзаққа созылған және шиеленіске толы қақтығыстарға жіті көңіл бөлінген.
БҰҰ 1948 жылдан бері жетпіске жуық бітімгершілік операциясын жүзеге асырған болса, Қазақстанның бітімгершілік операцияларына қатысқанына он бес жылдан асыпты. Бүгінде әлем бойынша бейбітшілікті сақтауға арналған 16 операция жүргізілуде. Бітімгершілік операцияларына Қазақстанның білікті мамандарының атсалысуы құптарлық іс. Оңтүстік Суданда Қазақстан мамандары бітімгершілік операциясына қатысып, Ирак,
Батыс Сахара, тағы басқа өңірлердегі бейбітшілікті орнату шараларында қажырлылық көрсетті.
Міне, биылғы жылды аталған Кеңеске төрағалық етумен бастап отырмыз. Жақында ғана Америка Құрама Штаттарының астанасы Нью-Йорк қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» атты отырыста бейбітшілік пен қауіпсіздікке қол жеткізу жолындағы сенім шараларының шиеленістің алдын алу және маңызды жаһандық проблемаларды шешу кезінде негізгі рөл атқаратындығы айтылды.
Алда Сыртқы істер министрі Қ.Әбдірахмановтың төрағалығымен «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділігінің үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азиядағы аймақтық серіктестікті құру» тақырыбында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жарыссөзі өтпек. Шараға Орталық Азия елдерінің және Ауғанстанның сыртқы істер министрлері қатысады. Ал, қаңтар айының соңына таман Таяу Шығыс мәселесі бойынша тоқсандық жарыссөз өткізілмек.
Қазіргі уақытты халықаралық қоғамдастық Қазақстаннның Қауіпсіздік Кеңесі төрағалығы мерзімінен үлкен үміт күтуде. Яғни, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында өткізетін жиындары әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қоспақ.
26 қаңтар 2018 ж. 1 184 0