Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Америкалық Forbes журналы: Назарбаев Қазақстанды әлемге танытты

Америкалық Forbes журналы: Назарбаев Қазақстанды әлемге танытты


  Америкалық «Forbes» журналы «Қазақ Президенті Назарбаев Трамппен ресми кездесуге барады» деп аталатын мақала жариялады. Мақаланың толық аударылған нұсқасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

  Қазақстанның ұялы интернет байланысы Бразилия, Ресей және Үндістан мемлекеттеріне қарағанда жылдам; Үндістанға қарағанда екі есе жылдамдықта, тіпті Австралияға қарағанда да тезірек жұмыс істейді. Бұл – Каспий теңізіндегі мұнай мен газға бай, 77 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын Қазақстан мемлекеті. Ол 16 қаңтарда Вашингтонда АҚШ Президенті Дональд Трамппен ресми кездесуге келе жатқан бірінші және жалғыз «Стан» президенті. 2016 жылдың желтоқсан айында Трамп Қазақстан басшысымен телефон арқылы сөйлескен болатын. Аймақтағы кез келген көшбасшылармен салыстырғанда, Назарбаев ең мықты көшбасшы саналады, деп жазады Егемен Қазақстан.
  Еуропалық Одаққа кірген үш Балтық елінен бөлек, барлық бұрынғы Кеңес Одағының мемлекеттерімен салыстырғанда, Қазақстан бәрінен де жақсы дамыған, саяси тұрғыда тұрақты ел болып саналады. «Адамдар өз істерінің қаншалықты жақсы боларын болжай алмайды, бірақ Назарбаев Қазақстанды әлемге танытты», – деген болатын Вашингтонның бірінші елшісі, 1992-1995 жылдары Қазақстанда елші қызметін атқарған Уильям Кортни. Ол қазір RAND корпорациясының Бизнес Лидерлері Форумының ғылыми және атқарушы директоры және Америка мен Қазақстан Бизнес қауымдастығының атқарушы директоры қызметін атқарады. «Біз онымен кездесу өткіземіз», – деді Кортни.
  Американың компаниялары Назарбаевпен энергия туралы әңгімелесті, сондай-ақ оның жекешелендіру туралы жоспарын білгісі келеді. Бұл ел – Украинаға да ұқсамайды. Қазақстан бұрынғы полицей-мемлекет Өзбекстанға да ұқсамайды. Бұл елде көп нәрсе тұрақты. Назарбаев елді басқаруда қалыпты саясат жүргізіп отыр. Ол үшін Кеңес Одағының дәстүрі болған көп векторлы геосаясат әлі де маңызды рөл атқарады. Ресей, Қытай, және Батыс мемлекеттерімен де бірдей деңгейде қарым-қатынасты ұстанып отыр», – дейді Кортни. «АҚШ Қазақстаннан Ресей мен Қытайдан бас тарту туралы сұрап отырған жоқ және Ресей АҚШ-тың энергетикалық компаниялары мен қауіпсіздік стратегиясын Қазақстаннан ығыстыра алмайды», – дейді ол.
  Екі ел Президентінің ресми кездесуі 9 қаңтар күні белгіленді. Қыркүйек айында Ақ үй Назарбаевтың Трамптың жаңа Оңтүстік Азияға арналған стратегиясын қолдағаны туралы хабарлаған. Бұл жоспарда Америка Ауғанстандағы талибандар қозғалысына қарсы күресті күшейтіп, Пәкістанды ауған әскерлеріне қарсы ұйымдасқан топтарды өз елінде жасырғаны үшін жазалайтындығы туралы айтылған. Сол жолғы телефон арқылы әңгімеде Трамп Қазақстанның аймақтық және жаһандық көшбасшылығына, оның алдағы қаңтар айындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қызметіне өз ризашылығын білдірген болатын. Н.Назарбаев бұрынғы Кеңес Одағының Ангела Меркелі емес, бірақ ол соңғы онжылдықта Орта Азия мемлекеттері мен көршілес елдер үлгі алатындай, өз елін заманауи мемлекет етіп құруда көп қызмет атқарды. Қазақстан ядролық қаруға тыйым салу туралы шаралар өткізді, және ел астанасы Астана қаласында бірнеше рет Сириядағы жағдайды бейбіт жолмен реттеуге қатысты «Астана процесі – бейбітшілік бастауы»  деген атпен белгілі халықаралық келіссөздер жүргізді.
  Назарбаев Орталық Азиядағы күшті қолбасшы сипатына ие болғысы келеді, және оның ешқандай бәсекелесі жоқ. Ол Ақ үйге сапары барысында АҚШ қорғаныс бюджетінің Орталық Азия шығындарын қамтығанына көз жеткізіп,  Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігіндегі барлық мұнайды шығару үшін АҚШ сарапшыларының тәжірибесіне сұрау салуы мүмкін. Қашаған мен Теңіз кеніштері «Шевроннан» миллиардтаған соманы өзіне тартты. 2018 жылы «Шеврон» компаниясы 18,3 миллиард доллар болатын  капиталды және барлау шығындары бағдарламасын жариялады, оның ішінде 3,3 миллиард доллары АҚШ-тағы Пермиан бассейніне және 3,7 миллиард доллары Қазақстанға кетеді. Биылғы жылы компанияның Қазақстанда жұмыс істеп отырғанына 25 жыл болады. «Шеврон» компаниясың өкілі Сэлли Энн Джонстың айтуынша, «Бұл Қазақстанды әлемге танытатын бірден-бір жоба». Қазақстан – мұнайға тәуелді мемлекет. 2013 жылы мұнай бағасы екі есеге төмендегенге дейін, оның экспорттық және мемлекеттік кірістерінің басым бөлігі мұнай мен газдан түскен. Бүкіләлемдік банктің экономистерінің жариялаған, өткен айдағы Брукингс Институтының есебіне сәйкес, жан басына шаққандағы Жалпы Ішкі Өнім 7,500 доллардан асқан. Соңғы онжылдықта жоғарғы табысты мемлекет статусына Қазақстан Каспий теңізіндегі мұнайдың арқасында жетіп отыр. Мұнайдан түсетін қаржы көлеміне қарамастан, Назарбаев мемлекет экономикасын шикізатқа тәуелділіктен арылтуды көздеп отыр. Үкімет жылжымайтын мүлік жобалары мен жасыл энергетикалық бастамаларға жүздеген миллион доллар жұмсады.
  Оның үлкен бір көрінісі – Астана халықаралық қаржы орталығы, яғни Орталық Азиядағы мини-Дубай құру әрекеті. Бұл қаржы орталығы «аспандағы кішкене пирог» деп те аталып жүр.  «Қазақстандағы қазіргі экономикалық жағдай, мұнай бағасының төмендеуі және Ресей экономикасының әлсіз жылдары осы жоспарларды іске асыруға кері әсер етті», – деді Канзас Университетінің Саяси ғылымдар департаментінің доценті Мария Овильичева. «Сондықтан, олар өз валютасын айтарлықтай төмендетуге мәжбүр болды». Соңғы 5 жылдың ішінде теңге құны 54% -ға дейін төмендеді. Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан, әлемдегі ең құрғақ порттардың бірі Қорғасқа Қытай миллиондап қаржы құйып отыр. «Нью-Йорк Таймс» газетінің тілшісі Эндрю Хиггинс осы айда Қорғас айлағы туралы мақала жазды. Онда ол оқырмандарға Қытайдың ең үлкен жобаларының бірі «Бір белдеу және бір жол» бастамасын (BRI) сипаттайды. Қазақстан Қытайдың көп ғасырлық Жібек жолын қайта жандандыруды қолдайды», – дейді Лондондағы «Фокус Экономикс» компаниясының экономисі Нихад Ахмед.
  Қытайдың осы жоба аясында ұсынылған бағыттардың басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. «Бұл Қазақстанға Қытаймен экономикалық байланыстарды тереңдетуге және ел экономикасын мұнайға тәуелділіктен арылтуға көмектеседі. Озық технологиялар арқылы экономиканы әртараптандыруға көмектеседі», – дейді Ахмед. «General Electric» тікелей пайда әкеледі. Олар Қазақстан теміржол компанияларымен 700-ден астам локомотивтер салуда, олардың жартысының техникасы АҚШ-та жасалатын болады», – деп хабарлады компания. GE компаниясының көлік бөлімшесі желтоқсанда үкіметтің темір жол компаниясымен бүкіл желіге цифрлық логистикалық жүйе  енгізу туралы келісімге қол қойды.
  Назарбаевтың ресми сапарынан  General Electric-Kazakhstan компаниясына қатысты жаңалықтар да күтілуде. Бұл елде Ресей империясының шабуылы туралы қорқыныш сезіміне еш орын жоқ. Бұл елде ешқандай «түстер» революциясы жоқ. Қытайдан немесе «Шеврон» компаниясынан инвестициялар басқа «Стандарға» емес, тура Қазақстанға түсіп отыр. Бұл инвестициялар  Украинаның оңтүстік-шығысындағы азаматтық дау-дамайдың салдарынан және үкіметке қарсы сепаратистердің кесірінен оларға құйылып отырған жоқ. BRI-дан Каспийге дейінгі осы жобалардың көпшілігі үкіметтің көп жылдық инвестициялық стратегиясында белгіленген басымдықтарға сәйкес келеді. Стратегия 2022 жылға дейін Қазақстанға тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен 30% -ға өсуін көздейді.
    Путин мен Трамп сияқты, Назарбаев та өз елінде танымалдығын қолдана біледі. Алайда, Назарбаевты ел қалай қабылдаса да, оның Кеңес Одағы құлағаннан кейін саяси тұрақтылықты сақтауда үлесі зор екені анық. Ол 30 жылдың ішінде елді біріктіре алды».  «Сіз оның көптеген саясатын сынай аласыз, бірақ ол көбіне ақылды көшбасшы болды. Өз елін жаңғырту үшін менеджерлер мен инженерлердің біліміне ұзақ уақыт бойы көп қаржы жұмсаған көшбасшы туралы басқа ешнәрсе ойламаймын. Менің ойымша, бұның қайтарымы болады».
   Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен барды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. «Қазақстан Президенті Вашингтон қаласына келді. Ресми сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездеседі», – делінген хабарламада. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысады.

16 қаңтар 2018 ж. 1 367 0