Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік жылдарындағы сот билігінің белесі

Тәуелсіздік жылдарындағы сот билігінің белесі

16 желтоқсан-тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына егемен ел болған күні. Бұл мереке 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі «Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы» заңды қабылдауынан бастау алады.
Ғасырға бергісіз ширек ғасырдан сәл астам уақыт ішінде еліміз әлемнің дамыған елдерімен терезесін теңестірген болашағы кемел елге айналды. Тәуелсіздіктің арқасында көк байрағымыз көгімізде желбіреп, егемен елдің рәміздері белгіленді. Тіліміз бен дініміз қайта оралып, елдігіміз танылды. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұлттық намысымызды оятқан, қазақты әлемге рухы биік, намысы берік халық ретінде танытқан да Тәуелсіздік.
Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы демократия қағидаларын басшылыққа алған, асыл қазынасы мен байлығын – Қазақстан халқы деп танитын, экономикасы қарыштап дамыған, алыс және жақын шет елдердің арасында айтулы беделі бар мемлекет ретінде орнықты. Бұл – Елбасы мен халықтың қол жеткізген жеңісі мен еңбектерінің жемісі.
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаңаша даму жолына түскен жылдар ішінде барлық сала ілгерілеп, толысты. Мұндай жетістіктерді қазақстандық сот құрылымынан да байқауға болады. Егемендіктен бері судьялардың 7 съезі өтті. Бұл шаралардың қоғам, мемлекет үшін маңызы өте зор. Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында, қылмыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді, тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді, экономикалық, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа толмағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құрылып қызметін бастады, 2000 жылғы 25 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның қабылдануы ұлттық сот жүйесіндегі тарихи уақиға болды. Егемен еліміздің тәуелсіз сот жүйесін жетілдіруде атылмыш заң ғасыр жүгін арқалады десек, асыра айтқандық емес. Отандық сот жүйесінің халықаралық дәрежедегі беделі артып, біздің жүйедегі кейбір озық үлгілер мен бастамалар шетелдік әріптестеріміздің тарапынан қызығушылық тудырды. Сондай-ақ, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік т.б. заңдар жаңарып, тергеу судьясының өкілеттіктері кеңейтілді. Жоғарғы Сот жанында Сот төрелігі академиясы мен Халықаралық кеңес құрылды.
Жаңа технологияларды қолданудың көмегімен сот қызметі ашық, жедел, қолжетімді бола түсті. Республика соттарының сот мәжілісі залдары түгелдей аудио және бейне жазба құрылғыларымен жабдықталып, сот отырыстары 100 пайыз дыбыс-бейне жазба құрылғыларын қолдану арқылы өткізілуге көшті. Жаңа технология азаматтардың сотқа келуін міндеттемей, арыз-шағымын «Сот кабинеті» арқылы үйінен, кеңсесінен шықпай-ақ жолдауына жол ашты.
Айтылған жетістіктеріміз бен айқын мақсаттарымыз, асыл мұраттарымыз, сөз жоқ, тәуелсіздік деп аталатын қасиетті құндылығымыздың нәтижесі. Әлем
елдері алдында асқақ абырой мен биік беделге ие болған мемлекетіміздің әлі де атқарар жұмысы алда.
Еліміз бен қоғам тұрақтылығының, болашаққа деген сенім мен халқымыздың жақсы тұрмысының, лайықты өмірінің кепілі – Тәуелсіздігіміздің мерейі үстем болсын.

Н.Бекетаев,
Арал аудандық сотының судьясы.
11 қаңтар 2018 ж. 2 422 0