Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ФЕЛЬДШЕР ҚАДЫР МЫРЗАЛИЕВ

ФЕЛЬДШЕР ҚАДЫР МЫРЗАЛИЕВ

Жылы жүзді, бидай өңді, бұйра шашты Қадыр кішкене кезінен жанындағыларға жаны ашып тұратын мейірімді бала болып өсті. Тілалғыштығы өз алдына, үлкенге де, кішіге де көмектескенді жаны қалап тұратын. Ауылдың үлкендері «Қарақұмның Қадыр Мырзалиеві» деп әспеттеп, «Бала болса, Темірбектің баласындай болсын» деп риза болатын.
Бала кезінен «Шіркін, Ізбасхан аға секілді дәрігер болсам, адамдарды емдер едім» деген арманмен ержеткен бозбала орта мектепті бітірісімен Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан медицина колледжінің фельдшерлік бөліміне оқуға түсті. Жыл сайын қала орталығындағы емханаларда тәжірибеден өтіп, қалаған мамандығының қиыншылығын көре білді. Оқуды тәмамдаған соң, Шымкенттегі қалалық емханада еңбек жолын бастады. Екі жылда ысылып, науқасына ем іздеп келетін жандарды жылы қабылдаудан бастап, өзінің негізгі міндетін пісентті атқара білуге төселді. Сол тәжірибемен Тоқабайдағы дәрігерлік амбулаторияда да абыройлы еңбек етіп, ауыл тұрғындарының алғысына бөленді.
Міне, туған жері Қарақұм ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда қызмет ете бастағанына да 4-5 жылдың жүзі болды. Келген науқастың хал-жағдайын сұрап, анықтау арқылы диагнозын қойып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсету – оның басты міндеті. Фельдшер Қадырды әмбебап маман десе де болады. Дәрігер тағайындаған ем- дом бойынша екпе жасап, ел алғысына бөленіп жүр.
– Мен үшін ең бастысы – науқас адамның денсаулығы мен өмірі. Жұмыс барысында төтенше жағдайлар да жиі кездеседі. Тез әрі жылдам шешім қабылдауға тура келеді. Ондай уақытта тәжірибелі фельдшер Жанар Жұмабаевадан ақыл-кеңес аламын. Сондай-ақ, тәуліктің қай мезгілінде де уақытпен санаспай, жұмыс істейтін сәттерім де болады. Біздің ауыл аудандағы шаруа қожалығы ең көп ауыл болғандықтан, мал ауылдарды жиі аралаймын. Ең қиыны – қыс мезгілі. Биыл қардың қалың болғаны соншалық, апталап малшылар арасында жүрдім. Аудан орталығы мен екі ортадағы жолдың қиындығы да науқас адамдарға қолайсыз жағдай туғызады. Күн сайын күндіз де, түнде де қалаға қатынаған кездерім болды. Адам жанының арашашысы болғандықтан, шаршағанымды да ұмытып кетемін, – дейді сөзге сараң, іске мұқият фельдшер жігіт.
Қадырдың жары Әсел Кенжебайқызы – «Абай» стансасындағы темір жол вокзалында медбике. Алдына келген жолаушылар мен теміржолшылар денсаулығын жіті қарайды. Үш бала тәрбиелеп өсіріп отырған жас медицина қызметкерлеріне халықтың ризашылығы да ерекше.
Л. ҚОЖАН.
11 мамыр 2018 ж. 1 885 0