«Жыл үздігі» атанды
Тәртіп сақшыларының қызметі қашанда қарбалас пен қиыншылыққа толы. Халық тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау жолында түн ұйқыларын төрт бөліп, тәртіптің таразысын бақылап тұрар полиция қызметкерлерінің қай-қайсысының да ауыз толтырып айтарлықтай еңбектері зор. Сондай өте алғыр полиция қызметкерлерінің бірі – Ербол Ержанов. Ол Арал ауданында дүниеге келіп, 2000 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 2008 жылы Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын бітірген. Бүгінде Арал аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінде учаскелік полиция инспекторлары тобының учаскелік полиция инспекторы болып еңбек етуде.
Полиция майоры Е.Ержановты әрқашан қауырт жұмыс үстінде табамыз. Уақытпен санаспайды. Жастарға тиянақтылығыменен, өз ісіне шынайы
берілгендігімен үлгі болуда. Сауаттылығы мен батылдығы, шыншылдық қасиетімен әркез халық ризашылығына бөленіп келеді.
Ауданымыздағы адал еңбегімен аянбай қызмет атқарып келе жатқан қырағы сақшыларымыздың ішінен «Жыл үздігі» атағын жеңіп алған Е.Ержановты әріптестері құттықтайды. Сертіне адал әріптесімізге абырой тілейміз.
Б.Жолтай,
Арал аудандық ішкі істер бөлімінің желілік полиция қызметінің учаскелік
полиция инспекторы, полиция лейтенанты.