Клиниканың қайырлы ісі
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай облыс орталығындағы «Табиғи денсаулық» клиникасы Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамымен бірлесе отырып мүмкіндігі шектеулі 30 адамды тегін диагностикалық тексерістен өткізді.
Адам ағзасын толық тексерістен өткізетін құрылғы 3 сағаттың ішінде сараптама қорытындысын шығарып бере алады. Ми тамыры, ас қорыту жүйесі, қан тамырындағы өзгерістерді анықтайтын заманауи құралдың қажеттілігі орасан. Мамандардың айтуынша, тексеру тез әрі ешқандай ауырсынусыз жүреді.
«Табиғи денсаулық» клиникасы 2019 жылы ашылған. Бас дәрігер Ләззат Қадырбаеваның айтуынша, орталықта екі диагностикалық аппарат бар. Ол 9 жүйе, 35 мүшені тексеріп қарайды. Бір адамды тексеруге 40-45 минут жұмсалады. Сонан оны ары қарай талқылау, оларға ұсыныстар беру, ем жасау, соның барлығы жалпы алғанда 1,5-2 сағат көлемінде уақыт кетеді.
Ресейдің медициналық-әлеуметтік реабилитация академиясынан дәріс алған білікті мамандар бір ғана құрылғымен адам ағзасын реттей алады.
– Тағдыр тәлкегіне түскен жарымжан жандарды қоғамға бейімдеп, олардың еңсесін тіктеп, өзгелер секілді өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасау – бүгінгі қоғамның басты талабы. Ел тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінің қарсаңында 30 игі іс-шараға өз үлесімізді қосып, мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін диагностикалық зерттеуден өткізіп, медициналық көмек көрсетудеміз, – дейді орталық директоры Гүлжан Құндақбаева.
«Табиғи денсаулық» диагностикалық орталығының директорына Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы Сәкен Алдашбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету жөнінде ұсыныс білдірген. Клиника оларды тегін тексеруден өткізіп, қолына дәрігерлік анықтама берген.
Клиниканың осы бір қайырлы ісіне куә болған жандардың бірі – Арал қаласының тұрғыны, ІІ топ мүгедегі Мирамкүл Баймағамбетова. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға осындай мүмкіндіктердің қарастырылғанына дән риза.
– Өзім 10 жылдан асты ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар қатарындамын. Осы кезге дейін Тәуелсіз елімнің бізге жасаған қолдаулары мен мүмкіндіктерін бір адамдай сезініп келемін. Өзім барып толықтай тексерістен өткен «Табиғи денсаулық» клиникасының қайырлы ісі бізге үлкен қолдау болды. Әрине бәрі тегін болған соң денсаулығымыз үшін бардық. Толықтай тексерістен өттік. Тексеріс қорытындысына сәйкес қандай ем-шараларды қабылдайтынымызды білдік. Бізге осындай мүмкіндік берген азаматтарға көптен көп рахмет. Елімізде бізге жасалатын осындай қолдаулардың барына ризамын, – дейді қала тұрғыны М.Баймағамбетова.
Облыс орталығынан 30, аудандардан 30, сондай-ақ 30 мүмкіндігі шектеулі баланы тексеруден өткізген жеке меншік клиникаға қалалық мүгедектер қоғамының алғысы зор. Айта кетейік, дәрігерлік анықтама барлық медициналық ұйымдарға жарамды.
«Толқын» ақпарат