Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр бойының тұрғындары қандай ауруларға жиі шағымданады?

Сыр бойының тұрғындары қандай ауруларға жиі шағымданады?

 Қызылорда облысының 12 шалғай станциясының тұрғындары «Жәрдем» медпойызың мамандарынан медициналық кеңес пен алғашқы медициналық көмек алу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды baq.kz 

Қазіргі уақытта медициналық пойыз Ақтөбе облысының шалғай бекеттерін аралауды бастады, ол алдағы жиырма күн бойы облыстың 15 аудан орталығы мен ауылдарына тоқтайды.
Бүгінгі күнге дейін «Жәрдем» пойызы «Денсаулық» медициналық пойызымен бірге еліміздің 35 576 тұрғынын тексерістен өткізді.
«Жәрдем» консультациялық-диагностикалық пойызының мамандары Қызылорда облысының 3 778 тұрғынын қабылдады, оның 708 бала. Барлығы 21 769 дәрігерлік қабылдау тіркелген. 19 шағын хирургиялық операция жасалды. Хирург дәрігердің қабылдауында 1481 адам болған, уролог 1198 адамды қабылдаған. 
Тұрғындардың көп бөлігі терапевт дәрігерге жүгінген – 3 778 адам, офтальмолог – 2 513 адам, ЛОР 2 482 пациент қабылдап үлгерген. Барлығы 1 702 ЭКГ, 47 – ФГДС, 1511 – УДЗ (УЗИ), 157 – флюорография жасалған. 
«Бұл облыста жиі кездесетін ауруларға қант диабетін, жүрек кан тамырлары ауруларын, урологиялық, гинекологиялық, неврологиялық, ЛОР және офтальмологиялық аураларды жатқызуға болады»,- деп атап өтті бас медбике Дана Сағынбекова.
Естеріңізге сала кетсек, медициналық бригада құрамында терапевт, педиатр, гинеколог, xирург, ЛОР, кардиолог, невропотолог, офтальмолог, уролог, онколог-маммолог, стоматолог сияқты мамандар жұмыс істейді.
Пациенттер медициналық пойыз мамандарынан тұрақты тексерістен өтіп тұрудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Біз медициналық пойызға өте қуаныштымыз, себебі аталмыш пойыз бізге және балаларымызға үлкен көмек көрсетіп жатыр. Бізге, яғни ауыл тұрғындарына қалаға барып, қажетті медициналық көмек алу қиынға соғады»,- деп өз пікірін білдірді пациент Дина Ниязова.
Жылдың аяғына дейін «Жәрдем» медициналық пойызы оңтүстік және батыс Қазақстанның 6 облысының 78 шалғай бекетін қамтуды жоспарлап отыр. Бүгінге дейін ол Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарын аралап үлгерді. Одан әрі пойыз кестесі бойынша Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстары қалды.
Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан Samruk-Kazyna Trust Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «ҚТЖ» ҰК» АҚ жанындағы Әлеуметтік жобалар қорымен бірге, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ат салысуымен жүзеге асырылып жатыр. Өз кезегінде, Қызылорда облысының әкімдігі шалғайдағы ауылдардың тұрғындарын ақпараттандыруда қолдау көрсетіп, оларды медициналық пойыз жұмыс істейтін станцияларға жеткізуді ұйымдастырды.
15 қазан 2019 ж. 586 0