Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Базалық және ортақ зейнетақы туралы мәліметтер

Базалық және ортақ зейнетақы туралы мәліметтер

2016-2018 жылдар ішінде қолданысқа енетін зейнетақы заңнамасындағы өзгерістерге және зейнетақы төлемдерін ай сайын жүзеге асыру кестесіне ауысу себептері, базалық зейнетақыны тағайындау тәртібінің өзгеруі және өзге де сұрақтар жауап алу үшін біз "БЖЗҚ" АҚ Арал қаласының қызмет көрсету орталығының бастығы Ғалия Айбусыновамен әңгімелескен едік.
* Зейнетақы жүйесінің деңгейлері туралы әңгімелеп берсеңіз, базалық және ортақ зейнетақы дегеніміз не? Олардың бір-бірінен айырмашылығы қандай?
Бүгінде Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесі үш деңгейден тұрады. Олар:
1) мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық және жасына (еңбек өтіліне) байланысты ортақ зейнетақы;
2) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарына негізделген міндетті жинақтаушы зейнетақы жүйесі;
3) ерікті зейнетақы жарналарына негізделген жинақтаушы жүйе.
Алғашқы деңгей бойынша ортақ зейнетақы - ұрпақтар ынтымақтастығына негізделген жүйе. Келешекте ол біртіндеп азайып, 2040 жылдары мүлдем тоқтатылады. Өйткені, ортақ зейнетақыны алу үшін 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі кемінде 6 ай болуы керек.
Базалық зейнетақы да ортақ зейнетақы секілді мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге бірдей мөлшерде төленеді. Алайда 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеу тәртібі өзгереді. Бұл ретте оны тағайындауда 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады.
Екінші деңгей бойынша міндетті зейнетақы жарналары 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 10 пайызын құрайды. Бұл жарналарды зейнетақы Қорына жұмыс берушілер аударады. Ал міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген. Оның көлемі жұмыскердің айлық табысының 5 пайызын құрайды.
Үшінші деңгей бойынша ерікті зейнетақы жарналарының мөлшері және төлеу тәртібі салымшы мен Қордың өзара келісімі бойынша белгіленеді.Бұл жарналар арқылы салымшы өз жинақтарын елеулі түрде көбейте алады. Осылайша Қазақстанда бірегей зейнетақы жүйесі қалыптасқан. Бұл ретте болашақ зейнеткерлерді зейнетақымен қамсыздандыру жауапкершілігі мемлекет, жұмыс беруші және салымшы арасында оңтайлы үлестірілген.
– Болашақта кімдер ортақ зейнетақыға үміт арта алады?
«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңның 11 бабына сәйкес 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде алты ай еңбек өтілі бар азаматтардың ортақ зейнетақы алуға құқығы бар. 1998 жылға дейін еңбек өтіліңіз болмаған жағдайда ортақ зейнетақы ала алмайсыз. Оның орнына базалық және жинақтаушы зейнетақы алатын боласыз. Биыл базалық зейнетақының мөлшері - 15 274 теңге. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең. Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге еңбек өтілінің бар-жоғына қарамастан бірдей мөлшерде төленеді. Алайда биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны есептеудің жаңа әдістемесі қолданылады. Бұл ретте базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескеріледі. Соған сәйкес зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайтын болады. 10 жылдан
асқан әрбір жыл үшін оның көлемі ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 пайызына ұлғайып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады (биыл оның көлемі - 28 284 теңге) және одан асырылмайды.
2040 жылдары зейнеткерлікке шығатын азаматтар ортақ зейнетақы ала алмайды. Өйткені, оларда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін еңбек өтілі болмайды. Сондықтан қазіргі жастар үшін Қорға міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұру өте маңызды.
Ал жалақысын бейресми түрде «конвертпен» алатындардың болашақта алатын зейнетақысының мөлшері тым аз болуы мүмкін. Өйткені, Қорға бірде-бір жарна аудармай зейнеткерлікке шығатын азаматтар тек базалық зейнетақыға ғана үміт арта алады. Сондықтан болашақта лайықты зейнетақы алу үшін осы бастан қамданып, зейнетақы Қорына міндетті зейнетақы жарналарын тұрақты аударып тұрған абзал.
– Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары туралы толығырақ әңгімелеп берсеңіз. Бұл жарналар қашан енгізіледі?
2020 жылдан бастап елімізде жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу жоспарланып отыр. Соған сәйкес, барлық отандық жұмыс берушілер еңбек жағдайларына қарамастан өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына олардың айлық жалақысының 5 пайызын зейнетақы Қорына аударып отырады.
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жұмыс берушінің ұсынған тізімі бойынша әрбір жұмыскердің атына шартты зейнетақы шоты ашылады. Ондағы жинақтар жұмыскердің меншігі болып табылмайды және мұраға қалдырылмайды. Шартты зейнетақы шотындағы жинақтар оған өмір бойына ай сайын төленіп отырады. Бұл төлемдер шартты-жинақтаушы жүйедегі жинақталған қаржыны салымшылар арасында қайта бөлу, үлестіру арқылы жүзеге асырылады.
Заң бойынша шартты зейнетақы шоттарындағы жинақтар зейнеткерлікке шыққан жандарға, сондай-ақ, мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға төленеді. Бірақ бұл үшін жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары олардың шартты зейнетақы шотына кемінде 60 ай (5 жыл) тұрақты түрде аударылған болуы керек. Сәйкесінше алғашқы төлемдер 2025 жылдан бастап жүзеге асырыла бастайды.
Әнгімелескен: тілші Назерке Маратқызы
10 қыркүйек 2018 ж. 1 898 0