Қызылорда гарнизонында «Күшіміз - бірлікте» әскери-патриоттық акциясын өткізілді
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Қызылорда гарнизонында «Күшіміз - бірлікте» әскери-патриоттық акциясын өткізді.
Құрамында әскери заңгерлер, психологтар және әскери инфрақұрылым басқармасының өкілдері бар әскери-патриоттық акцияның мақсаты – ел Президентінің армияны реформалау, техникалық жабдықтау, әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігі мен жоғары моральдық рухын сақтау жөніндегі талаптары мен міндеттерін түсіндіру.Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаевтың басшылығымен ақпараттық-түсіндіру тобының өкілдері әскери қызметшілермен кездесулер өткізіп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Әскери ұжымдардағы моральдық ахуалды зерделеп, психологиялық оңалту жөнінде кешенді жұмыстар атқарды. Әскери заңгерлер жеке құрамға заңнамада көзделген әлеуметтік кепілдіктерді іске асыру мәселелері бойынша кеңес берді.
– Қазіргі таңда Жоғарғы Бас Қолбасшымыздың жаңа талаптарын түсіндіру мақсатында Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық тұрақтылығын және мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бейбітшілік, достық, отбасы және бақытты балалар сынды рухани құндылықтарды қалыптастырудың басты жолы - жастарға дұрыс тәрбие беру. Біз әскерилер үшін борышқа адал болу мен бірлік өте маңызды, – деді Бас штаб бастығының орынбасары – Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы генерал-майор Серік Борамбаев.
Әскери-патриоттық акция барысында әскери қызметшілерге Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақстандықтардың ерлігі туралы Қарулы Күштердің жылжымалы әскери-тарихи музейінің жәдігерлері ұсынылды. Даңқты қазақстандықтардың өмірінен көптеген қызықты фактілер айтылды.
Мұхит ҚОНАРОВ,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант