Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтану жолдары

Аурудан сақтану үшін далалық жерлерде мал жайғанда, шөп шапқанда, серуендеуге шыққанда шалбардың балағын шұлыққа салып, жоғары жақтың бәрін қымтап, кененің кіріп кетпеуін қадағалау, әрбір 2-3 сағат сайын киімдерін, дененің ашық жерлерін қарап қою қажет. Себебі кене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам кененің жабысқанын байқамай қалады.
Далалық жерден келген соң сырт киімді шешіп, кенеден тазарту керек.
Егер өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, міндетті түрде дәрігерге көріну қажет. Егер медициналық мекеме алыс болса кенені денеден шығару үшін ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі соңғы ғылыми деректерге сәйкес сұйықтық майлар тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды. Адам денесіне жабысқан кенені арнайы қысқашпен немесе жіп орап қозғай отырып, суырып алу керек, егер тұмсығы қалып қойса, бір мәртелік шприцтің ұшымен алып тастап, орнына 5 пайыздық йод жағу қажет, кейін дәрігерге көрінген жөн.
Өрістен келген малдардың үстін мұқият қарап, кене жабысса қысқашпен абайлап суырып алып, арнайы ыдысқа салып, өртеп жіберген дұрыс. Мал қораларды қидан тазартып, мал қораларға, малдарға кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керек. Малдарды қырыққанда арнайы жұмыс киімін, резеңке қолғап киіп, сақтық шараларын сақтаған жөн.
2022 жылға Арал ауданында Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз 25 елді мекен есепке алынды, 13-ші мамырдан бастап облыстық бюджеттен бөлінген қаржының есебінен малдарға, мал қораларға кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. КҚГҚ ауруынан қолайсыз елді мекендерде көктемгі кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары сапалы болуы үшін өңдеу жұмыстарының алдында барлық мал қоралар механикалық тазалаудан өтуі керек, яғни қыстан қалған мал қиынан, көңнен, шөп қалдықтарынан толық тазартылуы қажет. Тазаланбаған мал қораларда қанша өңдеу жасағанмен қидың, көңнің арасында ұялап қалған кенелерді жою қиынға соғады. Сондықтан жеке қожалығында малы бар тұрғындарды мал қораларын толық тазартып, өңдеу жұмыстарының сапалы жасалуына атсалысуды сұраймыз.
Сонымен қатар көне қидан, шөптен тұрғызылған бопыр қораларды бұзу қажет, себебі қидан, шөп қалдықтарынан соғылған мал қоралар кенелердің ұялауына өте ыңғайлы, бұл жерлерде кенелер көбейіп, сол жерде ауру ошағы пайда болуы мүмкін.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы ауру, сондықтан аурудан сақтану шараларына мұқият болып, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық, ағайын!
А. САТЕККЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы