Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс алған кәсіпкер

Алғыс алған кәсіпкер

Ұлы ақын Абай атамыз: «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демекші, өз кәсібін таңдап, сала бойынша өз орнын табу бүгінгі жастардың жеткен басты мұраты десек артық болмас. Ғылым мен техниканың қарқынды дамуымен қатар, кей мамандық қолданыстан шығып жатса, енді бірі қажеттіліктен пайда болып жатыр. Осындай қажеттіліктен туындаған кәсіптің бірі – адам денсаулығына пайдасы мол массаж түрлері болып отыр.
Ауданда осы сала бойынша өзінің жеке кәсібін ашып отырған ақ халатты абзал жанның бірі – Гауһар Зарлық. Өзінің “GAUKHAR” массаж орталығын ашып, көптеген аурудың емі, сондай-ақ шаршаудың алдын алу үшін массаж түрлерін де қарастырған. Қазіргі бастың қысуы мен көз айналасындағы қан айналым жүйесінің дұрыс болуына, бас массажы да бар. Сонымен бірге аяқ-буыны ауыратын егде жастағы кісілердің емі ретінде, аяқ массажы да назарға алынған. Бет терісін күтуде әжімнің алдын алу, бет терісін тазалап, тегістеу құрылғысымен де қамтамасыз етілген. Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балаларға немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жеңілдіктер қарастырылған. Жасап жүрген жұмысын Гаухардың өзі кеңінен әңгімелеп берді:
– Жалпы өзім медицина маманымын. Ауданда медициналық массаж орталығы қарастырылмаған, сондай-ақ ауыл тұрғындары қалаға барып ем алып жүргенін студент кезімде көретінмін. Міне, сол уақытта ойға алған кәсібімді 2021 жылы ашудың сәті түсіп, ауыл игілігі үшін осы кәсіпті ашуға бел буған болатынмын. Негізінен 2019 жылдан бастап қызығушылығым артып, алдыма мақсат қойдым. Енді, міне, осы мақсатыма жету жолында білім алып, кәсіпкерлікті қолдау аясындағы бағдарлама арқылы өз кәсібімді ашып отырмын. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант жобасын қорғап, 3 млн теңге грант иегері атандым. Бүгінгі күні адам денсаулығындағы ауытқуларды түрлі массаж арқылы емдеймін. Орталықта бір адам жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта осы кәсібімді әрі қарай дамытып, білікті маман иелерін жұмыспен қамту ойда бар. Биоэнергомассажер “FOHOW” бұл барлық дене бұлшық еттерін босатып, ішкі организмге дейін әсер ететін аппарат түрі.Yamaguchi аяқ буындарын жақсартатын аппарат түрі, сонымен қатар Yamaguchi көзге арналған массаж аппараты көздегі қысымдарды және желке тұстағы ауырсынуларды жоюға пайдасы зор. “Fohow” компаниясының жоғарғы сападағы майларын  пайдаланып отырмыз. Көбіне демалыс күндері орталыққа келіп ем алушылар саны артып келеді. Осылайша жалпы саны 43 адамға көмек көрсетілді,– дейді.
         Міне, елімізде алдына үлкен мақсат қойып, кәсіп ашамын деген азаматтар үшін көптеген мүмкіндік қарастырылған. Түрлі бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерді қолдау аясында өз кәсібін ашып, берекетін көріп отырған адамдар да жетерлік. Ең бастысы, адамның ерінбей еңбек етуі. Сол кезде ғана адамзат баласы өз мақсатына жетері анық.
А. НҰРЛАНОВА
04 мамыр 2022 ж. 615 0