Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңарған Түркістанға – төрт жыл

Жаңарған Түркістанға – төрт жыл

Түркістан – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан қала. Өзінің сан ғасырлық тарихында Түркістан түрлі мемлекеттердің құрамында болды. Қала ежелден Ясы деп аталып, оның төңірегі VІІ-ХІІ ғасырларда Шауғар өңірі ретінде тарихта қалған. Түркістан Ахмет Ясауидің әсем де зәулім кесенесінің арқасында Орта Азияның рухани орталығына айналған болатын. 1598-1628 жылдары Есім хан Ясыны Түркістан деп атап, оны Қазақ хандығының орталығы етті. Қазақ хандары XVІІІ ғасырдың соңына дейін билік құрды.
Түркістанда тарихи-мәдени «Әзірет сұлтан» қорық-мұражайының территориясында 164 атақты тұлғалар, әртүрлі заманда өмір сүрген күллі қазақ халқының игі жақсылары жерленген. Кесенеде қазақтың Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Шығай хан, Жәңгір хан, Қанжығалы Бөгенбай, тобықты Мамай, қоңырат Сырғақ жатыр. ХІІ ғасырда мұсылмандар үшін қасиетті мекенде сопылық ілімді белсенді ұстанушысы Қожа Ахмет Ясауи осы қалада жерленген. Ясауи өмірден өткен соң қабірінің басына үлкен мазар тұрғызылады. Бұл мазар мыңдаған мұсылмандардың зиярат ететін орнына айналды. Кесенені тұрғызуға ұйытқы болған Әмір Темір болатын.
Қасиетті де тарихи Түркістан осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2018 жылғы 19 маусымда Қазақстан­ның Тұңғыш Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи ше­­­шімімен еліміз­дің әкімшілік-территориялық құрылы­мы өзгерді. Талай тарихи кезеңнің куәсіне айналған аты әлемге белгілі жаңадан Түркістан облысы құры­лды. Ғасырлар бойы Қа­зақ хандығының, бүкіл түркі дү­ниесінің сая­си және рухани өмірінің өзегіне айналған Түркістанды түркі әлемінің мә­дени-рухани орталығына айналдыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Ал «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» саммитінде еліміздің Президенті Қ.Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз», – деді.
Түркістан – түркі жұртының қара шаңырағы. Ал қара шаңырақ –имандылық пен дәстүрдің өресі, тәлім мен тәрбиенің, білім мен өнердің ошағы. Түркістан шаһарының дүние жүзі турис­терінің назарын бұруы қазақ халқының, Қа­зақ­станның әлемдегі имиджіне оң әсер ететіні анық.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Тарихы бай, та­ғылымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол – бүкіл Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Түркістан – қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген қабырғалы тұлғалары мәңгіге жай тапқан қасиетті қала. Осын­да жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер. Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы» деген еді.
Аз уақыт ішінде атқарылған сан мыңдаған шаруаны, төгілген тердің нәтижесін көріп отырмыз. Осы қысқа уақыт ішінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, барлық салада өсім байқалады. Осы төрт жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі айқын аңғарылды. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, 2,8 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 707,8 млрд, ауыл шаруашылығы 906,5 млрд теңгеге жетті. Облыс бюджетінің көлемі 1,7 есеге артып, 970,3 млрд теңге болды. Айта кетейік, бүгінде Түркістан қаласында халық саны 200 мыңнан асты. Ал облыста 2 миллионнан астам адам тұрады.
Сонымен қатар мәдениет, спорт саласында оң өзгерістер жетерлік. Ал Фараб кітапханасында жинақталған көне кітаптар мен орнатылған заманауи құралдар кемелденудің бір парасы іспетті. Қожа Ахмет Ясауи кесе­несіне келіп, зиярат етушілерге қолайлы жағдай жасау үшін кесене аумағы жаңа кейіпке еніп, абаттандырылған. Рәбия сұлтан бегім кесенесін, тарихи орын – Күлтөбені қалпына келтіру жұмыстары айрықша бақылауда. Одан басқа, ел игілігіне берілген «Конгресс Холл» көпсалалы кешені, «Ақжайық» өнер мектебі, Оқушылар сарайы, «Алатау медиа» орталығы, «Rixos Turkestan» қонақ үйі, Керуен сарай кешені, «Жібек жолы», «Парасат» саябақтары және су айдындары мен Ботаникалық бақ, дендропарк заманауи талапқа сай жабдықталып, ажары айшықтала түскен.
Қасиетті де тарихи Түркістан қаласы тәуелсіз еліміздің рухани жаңғыруының бір кепілі болса керек. Исі қазақ қана емес, жалпы түрік әлемі қастер тұтатын Түркістанның киесі Мәңгілік ел болуды мұрат еткен баршамызды қолдасын дейміз.
К. МАХСҰТ 
25 маусым 2022 ж. 492 0