Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүлдіршіндер бір тілде ғана білім алады

Бүлдіршіндер бір тілде ғана білім алады

Бірінші сынып оқушыларының бір тілде ғана білім алатыны туралы жағымды жаңалыққа ел-жұрт қуанып қалды.  Енді биылдан бастап мектепке алғаш қадам жасаған бүлдіршіндер үш тілді қатар меңгермейді, яғни қазақ мектебіне баратын бірінші сынып оқушылары тек ана тілінде оқитын болады. Ал екінші сыныпта орыс тілі, үшінші сыныпта ағылшын тілі қосылады. Ал орыс тілді мектептерде оқушы алдымен орыс тілінде жазып, оқып үйренеді. Ағылшын тілі үшінші сыныпта енгізілмек. Жаңа оқу жылында білім саласындағы өзгерістер туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов:
 – Мұның алдында бірінші сыныпқа барған бала қазақ тілімен қатар, ағылшын және орыс тілінің әліппесін оқу керек болды. Бұл 6 жастағы бала үшін қиын. Баланы дамыту үшін ана тілін үйретіп алған өте маңызды. Біз сол шешімді қабылдадық. Биылдан бастап қазақ тілді мектепке барған балалар, тек қаза тілінде жазып, үйренетін болады, – деді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек» дегендей, көптің көкейіндегі бұл мәселенің оңтайлы шешімі тіл мәртебесін арттырудың бірден-бір жолы болды. Осы тұрғыда  мұғалімнің мерейін асырып, мәртебесін көтеруге бағыттылаған тарихи шешім «Педагог мәртебесі туралы» заң бар екенін білеміз. Министр педагогтардың мәртебесін көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келе:
 – Мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстардан босаттық. Жалақысы өсті. Қазір бұл мәселе негізінде шешілді. Соның ішінде әртүрлі құжат, әртүрлі есеп тапсыру бойынша үлкен проблема болды. Жалпы мен қол қойған бұйрық бойынша педагог біріншіден күнделікті электронды журналға баға қояды. Екіншісі күнделікті оқу жоспарын дайындайды. Бітті, басқа ештеңе болмауы керек. Кімде-кім осы бұйрықты бұзатын болса, онда біз оларды қатаң жауапкершілікке тартамыз. Алдыңғы жылы осы бағытта 700-ге жуық адам түрлі жауапкершілікке тартылды, – деді.

"Толқын" ақпарат
18 шілде 2022 ж. 496 0